29 Наурыз 2024


ШҚУ-ДА ШЫҒЫС ТАЛАНТТАРЫ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

    Кезекті «Шығыс таланттары» фестивалінің қатысушылары ШҚО орта мектептерінің колледждері мен 8-11 сынып оқушылары болды. Жас дарындар вокал мен аспапта ойнау шеберлігінен бақ сынады. Қазылар алқасы барлық қатысушының өнерін жоғары бағалады. Жоғары педагогика мектебінің сениор-лекторы Майра Дюсупованың айтуынша, фестиваль дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі. Биыл мерейтойлық отызыншы рет өтіп отыр.

– Мұндай музыкалық байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Домбырада ойнаймын, аспаптық орындау байқауына қатыстым. Үлкен сахнада өнер көрсетіп, мол тәжірибе алдым, – дейді Ұлан ауданынан келген Нұрай Жеңіс.

Байқау жеңімпаздары грамоталар мен ақшалай сертификаттарға ие болды. Үшінші орын алған қатысушылар 30 мың теңгеден, екінші орын үшін 35 мың теңгеден, бірінші орын үшін 45 мың теңгеден және гран-при үшін 55 мың теңгеден алды. Фестивальдің гран-при иегерлері Мария Карпова мен Мансұр Қайрат атанды. Олар сондай-ақ басқарма төрағасы-ректор Мұхтар Төлеген тағайындаған білім грантына ие болды. 11-сынып оқушысы Мансұр Қайрат мектепті бітіргеннен кейін Amanzholov University-ге «Музыкалық білім беру» мамандығына оқуға тапсыруға ниетті.

– Мен Алтай ауданынан келдім. Шығармашылығымды өте жоғары бағалағанына қуаныштымын. «Шығыс таланттары» фестивалінің арқасында университетте тегін оқуға және сүйікті ісіммен айналысуға мүмкіндік алдым, – деді Мансұр Қайрат.

Құрмет грамоталары мен сыйлықтар фестивальдің барлық қатысушылары мен олардың тәлімгерлеріне де берілді.