8 апреля 2024


ШҚО АУДАНДАРЫНДАҒЫ КӘСІПТІК БАҒДАР БЕРУ ЖҰМЫСЫ

 Катонқарағай, Күршім және Үлкен Нарын аудандарында орта мектептердің жоғары сынып оқушылары үшін С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың ауқымды кәсіптік бағдар беру шарасы өтті. Шара мыңнан аса оқушыға бағдарланған.

Кездесулерге 9-11 сынып оқушылары, аудан басшылары, оқушылардың ата-аналары, педагогтар, білім беру саласының ардагерлері, жергілікті тұрғындар қатысты.

Жергілікті атқарушы органдар өкілдері іс-шараның маңыздылығына назар аударып, кәсіптік бағдар беру жұмысы түлектерге ЖОО туралы көбірек білуге және болашақ мамандықтарын таңдау туралы шешім қабылдауға көмектесетінін атап өтті.

Шара барысында университеттің мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Білім беруді дамытудың өзекті тенденцияларына баса назар аударылды.

Салтанатты шара аясында студенттердің ата-аналарына балаларының университеттегі оқуда және қоғамдық өмірдегі жетістіктері үшін ректордың алғысхаттары табысталды. Сондай-ақ, ШҚУ-дың кәсіптік бағдар беру қызметіне белсенді атсалысқаны үшін аудандық білім бөлімдерінің өкілдері, педагогтар марапатталды.

– Әрине, үнемі балаларымызды ойлап отырамыз. Сабағы қалай, жағдайы қалай екен деп. Перзентіміздің осылай қуантып жатқаны — мақтаныш. Мұхтар Әділбекұлының қолынан алғысхат алғанда қуанып қалдым, — дейді үлкеннарындық ата-ана Бағжамал Кітапбаева.

С. Аманжолов атындағы ШҚУ Басқарма төрағасы-ректор Мұхтар Төлеген атап өткендей, қазіргі уақытта экономикалық жағдай тез өзгеруде. Еңбек нарығында жаңа мамандықтар пайда болып, ескі кәсіптер өзгеріске ұшырады. Сондықтан қазір мамандық таңдау әсіресе, ауыл жастары үшін өте өзекті.

—  Amanzholov University болашақ студенттері үшін көп мүмкіндіктерге жол ашады. Университет – еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Сонымен қатар, аудандардан келген түлектердің ҰБТ нәтижелері өте жақсы екендігіне назар аударғым келеді. Аудандардан келген студенттердің оқу үлгерімі жақсы. Университет өміріне белсенді қатысады, ғылыммен айналысады, — дейді ректор Мұхтар Төлеген.

Айта кету керек, алдағы оқу жылына ауылдық мектептер түлектері үшін университеттен білім гранттары бөлінген. ЖОО ректоры Катонқарағай және Күршім аудандарының білім бөлімі басшыларына бір-бір гранттан және Үлкен Нарын ауданының білім бөлімі басшысына екі гранттан табыс етті.

— Бүгін ШҚУ-да тегін білім алуға мүмкіндік беретін грантқа ие болдым. Өзім де Аманжоловқа тапсыру ойда едім. Енді университет тегін оқуға мүмкіндік беріп отыр. Өте қуаныштымын, — деді Күршім ауылының мектеп гимназиясының 11-сынып оқушысы Әдемі Сымбатқызы.

Шара соңында ШҚУ студенттері дайындаған концерт ұсынылды. Университет белсенділері ән айтып, би билеп, қойылым қойды.