10 Сәуір 2024


ШҚУ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТХАНАСЫНДА СТУДЕНТТЕР ҮШІН ПРАКТИКАЛЫҚ САБАҚТАР ӨТТІ

         IT және жаратылыстану ғылымдары Жоғары мектебінің «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» мамандығының екінші курс студенттері практикалық сабақтар аясында Ұжымдық пайдаланудағы ұлттық ғылыми зертханада болды. Экскурсия биология ғылымдарының докторы, экология және география кафедрасының профессоры Күлзипа Дакиеваның жетекшілігімен өтті.
      Оқытушы атап өткендей, сабақтың мақсаты – студенттер арасында ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылықты арттыру және университеттің ғылыми қызметімен танысу.
      Студенттер композиттік материалдар, аналитикалық, электрохимиялық зертханада, сондай-ақ сынамаларды дайындау зертханасында болды. Зертхана қызметкерлері өз зерттеулері туралы айтып берді. Студенттерге спектрометрлердің бірнеше түрі, атомдық-абсорбциялық спектрометр және басқа да заманауи жабдықтар көрсетілді.
       Сабақтар жоғары деңгейде өтті. Студенттер қызығушылық танытып, зертхана қызметкерлеріне алғыстарын білдірді. Олардың көпшілігі болашақта ғылыммен айналысқысы келетінін атап өтті.