10 апреля 2024
ШҚУ РЕКТОРЫ ТҮРКИЯЛЫҚ ПРОФЕССОРМЕН КЕЗДЕСТІ
С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген Қырықларели университетінің (Ыстамбұл) профессоры Бюлент Байраммен екіжақты кездесу өткізді.
Кездесу барысында түркология, сондай-ақ білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық тақырыптары талқыланды. Ғалым түркологияда, жалпы түркі әлемі мен Еуропада жоғары беделге ие. Ол — көптеген монографиялар мен аударма кітаптарының, түркі тілдері мен мәдениеттеріне қатысты көптеген мақалалардың авторы.
Бюлент Байрам қазақ, ағылшын, орыс және венгр тілдерін жетік біледі.
Профессор Әлішер Науаи атындағы «Түркі әлемінің бірлігіне қосқан үлесі үшін» халықаралық сыйлығының иегері (Өзбекстан).
– Профессор Бюлент Байрам Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Түркі университеттері бірлестігін ұйымына енуіне ықпал еткендердің бірі. Біздің ғалымдар осы университеттердің өкілдерімен, атап айтқанда Түркияның жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста екенін айтқым келеді, — дейді Мұхтар Төлеген.
Айта кетейік, білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының ORHUN бағдарламасы бойынша түркітілдес университеттерде оқуға және тағылымдамадан өтуге мүмкіндіктері бар.
Профессор Бюлент Байрамның айтуынша, ол шамамен бес жылдан бері Қазақстанда. Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде бес жылдық шарт бойынша еңбек етеді. Осы уақыт ішінде ол ел туралы көп біле алған, Қазақстандағы білім мен ғылымның қарқынды дамып келе жатқанына куә.
Шетелдік профессор 22 сәуірге дейін қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасында түркология және фольклористика бойынша дәріс оқиды.
Университет ректоры профессор Байрамның қызықты дәрістері мен семинарлары үшін алғыс айтып, оның сабақтары білім алушылар мен оқытушылар арасында түркітануды терең зерттеуге серпін беретініне сенім білдірді.