11 апреля 2024


ШҚУ СТУДЕНТТЕРІ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕКТІ ТИЕСТІ

  Шығыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету мақсатында Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы штабы құрылды.

Көмек көрсетуге студент жастар мен еріктілер ұйымдары, Үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, кәсіпкерлер мен қала тұрғындары бір кісідей жұмылды.

Өскеменнен жөнелтілген гуманитарлық көмектің бірінші легін жөнелтуге қатысқан еріктілер арасында С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 20-дан астам студенті болды.

– Мұндай жағдайда ешкім шетте қалмау керек. Сондықтан біз осы жерге алғашқы болып жеттік. Бүгін біз қаланың жастар ұйымдарының өкілдерімен бірге жүк тиеуге қатыстық, – деді Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Серікбай Дінмұхаммед. – Бүгін біз қаланың жастар ұйымдарының өкілдерімен бірге гуманитарлық жүктерді тиеуге қатысамыз, оның бір бөлігі біздің ЖОО ректорының бастамасымен ШҚУ-де жиналды.

Облыстық еріктілер фронт-офисінің басшысы Айдос Әділбековтың айтуынша, гуманитарлық көмек Солтүстік Қазақстан облысына, Петропавл қаласына жіберілді. Еріктілер мен тұрғындар 15 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жинады. Негізінен азық-түлік, киім-кешек және жеке гигиеналық заттар.