12 апреля 2024


СТУДЕНТТЕР ҮЙІНДЕ ГИНЕКОЛОГИЯ САЛАСЫНА ҚАТЫСТЫ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ӘҢГІМЕ ӨТТІ

Студенттер үйінде «Репродуктивті денсаулықты сақтау, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу» тақырыбында профилактикалық шара өтті. №3, 4 және 5 жатақханаларда тұратын студенттермен әңгімелесуді акушер-гинеколог Аяужан Оспанова жүргізді.


Дәрігер репродуктивті денсаулық адам денсаулығы мен жалпы қоғамның маңызды құрамдас бөліктерінің бірі екенін атап өтті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша репродуктивті денсаулық — бұл репродуктивті жүйеге, оның функциялары мен процестеріне қатысты барлық салаларда аурудың болмауы ғана емес, толық физикалық, психикалық және әлеуметтік әл-ауқат жағдайы.


Аяужан Оспанованың айтуынша, қазіргі уақытта жыныстық қатынас арқылы жұқпалы ауруларды тудыратын қоздырғыштардың саны 30-дан асады. Олар өте қауіпті және адам ағзасына теріс әсер етеді.


– Репродуктивті жастағы әйелдерде жыныстық жолмен берілетін аурулар әртүрлі жыныстық бұзылуларды тудыруы мүмкін. Бұл теріс салдарға әкелуі ықтимал. Сондықтан бұл мәселеге жауапкершілікпен қарау керек, — дейді акушер-гинеколог.


Студенттердің айтуынша, әңгіме пайдалы және танымды болды. Білім алушылар спикерге сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды.