8 Қыркүйек 2023


ШҚУ СТУДЕНТТЕРІ ТАНЫМАЛ КИНО ЖОБАҒА ТҮСЕДІ

Amanzholov University студенттері оқу басталысымен-ақ белсенді студенттік өмірге аяқ басты. Бұл жолы білім алушылар отандық танымал «Жездуха» комедиялық сериалының авторлары және бас кейіпкерлерімен кездесті. Қанат Тасхан, Мансар Орынхан, Мақсат Бөбей мен Ерболат Зарқұмов студенттермен емен-жарқын сұхбат құрып, қызықтырған сауалдарына жауап берді. «Жездуха» толықметражды фильмінің түсірілімі биыл басталды. Қазіргі уақытта түсірілім Риддер қаласында жүріп жатыр. Amanzholov University-дің белсенді студенттері сәтті шыққан жобаға атсалыспақ. Білім ордасы жастары бір күн бойы бірнеше жаппай көріністерде рөлдерді ойнайды. – Шырайлы Шығыстың қонақжайлығы керемет. Шыны керек осылай күтіп алады деп ойламаған едік. Университетке талантты қыз-жігіттермен танысу үшін келдік. Жобамыздың жаппай көріністеріне түсемін деушілерді қуана қабылдаймыз, – дейді «Million» командасының мүшелері. «Жездуха» көпсериялы фильмі шымкенттік жастардың шытырман оқиғаларына негізделген. Кейіпкерлер үнемі қызықты жайттарға тап болатын сценарийға сүйенген жобаның әр сериясы үш миллионнан аса көрілім жинайды. Кездесуде студенттер қонақтарға өнер жолы, Шығыс Қазақстаннан алған әсерлері жайлы сұрақтар қойып, актерлардың жеке өмірлері туралы да мәлімет алды. – Оқу орыны осындай мүмкіндік бергеніне қуаныштымын! Бұл сериялды өте жақсы көремін, енді міне бас кейіпкерлермен жеке таныстым! Керемет сезім!, – деді ШҚУ білім алушысы Арман Қарабаев. Студенттердің пікірінше, шара жай ғана көңілді емес, танымды өтті.