11 Қыркүйек 2023


«ТАРИХҚА ТОЛЫ ТАРБАҒАТАЙ» ҒЫЛЫМИ-ӘДІСНАМАЛЫҚ СЕМИНАРЫ

«Туған жер – алтын бесік» жобасы аясында ШҚУ-да «Тарихқа толы Тарбағатай» ғылыми-әдіснамалық семинары өтті. Шараға университеттің тарихшы ғалымдары, филологтар, тарбағатайлық студенттер мен ауданның құрметті азаматтары және зиялы қауым-өкілдері қатысты.

Тарбағатай ауданы – терең тарихы бар, күллі қазаққа белгілі тұлғалар дүниеге келген киелі жер. Өлкетану тақырыбын қозғаған семинарда ауданның айтулы ескерткіштерін насихаттау, тарихи орындардың танымалдылығын арттыру мәселесі көтерілді. Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының сениор-лекторы Жаннета Қалимолдинаның айтуынша, Тарбағатай өңірінде кейбір тарихи ескерткіштер әлі де кең танымалдылыққа ие болмай келе жатыр.

– Бұл өлкенің әр тасы тұнып тұрған тарих. Бірақ оны қазіргі заманға бейімдеп насихаттау жұмысын қолға алу керек. Мысалы батырлар мен билер, ақындар мен әулиелер мүсіндеріне бүгінге сай QR-кодтар орнатса. Кез-келген жолаушы, турист тарихи тұлға туралы телефоннан-ақ мол мағлұмат алар еді. Облыстың мемлекеттік ескерткіштер реестрына енгізілуін қолға алып, мемлекетпен қорғалуын қамтамасыз ету керек, – дейді тарихшы Жаннета Қалимолдина.

Басқосуда жастардың туған өлкеге кәсіби маман болып оралу жайлары да сөз болды. Оқытушылардың мәліметіне сүйенсек, университетте екі жүзден аса тарбағатайлық студент бар. Қайта құрылған ауданға ШҚУ-ды бітірген жас мамандар ауадай қажет.

– Шекаралық аудандарды дамыту мәселесі өте өзекті. Ал, елді-мекендердің көркеюіне білімді жастар керек. С. Аманжолов атындағы ШҚУ әрқашан мықты кадрлармен қамтамасыз етіп келеді. Дегенмен, аудан жастарымен жүздесіп, туған жерімізді өркендету үшін білікті маман болуларына тілектестік білдіріп, үлес қосуға шақырдық, – деді Тарбағатай аудандық мәслихатының төрағасы Өмірхан Қанағатов.

Айта кетейік, Amanzholov University Тарбағатай ауданының мектептерімен сенімді ынтымақтастық орнатқан.