23 Мамыр 2024


ШҚУ-ДЫҢ ЖАС ҒАЛЫМДАРЫ JASTAR TIME IT-ЖОБАЛАРЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ КӨРМЕСІНДЕ ГРАН-ПРИ ИЕЛЕНДІ

Қажымұқан атындағы жекпе-жек сарайының алаңында оқушылар мен студенттер цифрлық саладағы өздерінің авторлық әзірлемелерін таныстырды.


Кураторларының жетекшілігімен ауқымды шарада қатысушылар жалпы саны 90-нан аса жобаны таныстырды. Жоба қорғау «MAKER FEST», «JUNIOR SKILLS», «ROBOTIME» және «СLUSTER PRO» атты төрт секторға бөлінді
Соңғы сектор колледждер мен университет студенттерінің инновациялық құрылғылары мен технологияларын қарастыруға мүмкіндік берді.

ШҚУ өкілдері екі ғылыми жоба дайындап апарған. Біріншісі – «Oqimyn-til» тілдерді үйренуге арналған цифрлық платформасы және су объектілерін мониторингілеуге арналған аппараты бар автоматтандырылған ақпараттық жүйе.


– Біздің «Oqimyn-til» сайты мәтіннің мемлекеттік тілде дұрыс айтылуын үйретеді. Мысалы, Google-аудармашыда қазақ тілінде дыбыстау функциясы жоқ. Біз бұл олқылықты түзетуді шештік. Сонымен қатар, сайтта авторлық және топтық жұмыстарға арналған көп авторлық курстар мен тапсырмалар бар. Платформа (https://oqimyn-til.choices.kz/) қазірдің өзінде пайдалануға толық қолжетімді екенін атап өткім келеді, – дейді жоба қатысушысы, «Ақпараттық жүйелер» мамандығының студенті Аружан Ражапова.


Екінші жоба өзекті мәселе – су тасқынының алдын алуға бағытталған.
Жас ғалым Рүстем Жұмабектің айтуынша, ол өз командасымен судың физикалық және химиялық көрсеткіштерін минут сайын өлшеуге арналған интеллектуалды онлайн датчик жасаған. Мұндай толық ақпарат су ресурстарының саны мен сапасын дұрыс бағалауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде су тасқынының алдын алуға сеп.


Айта кетейік, жобалардың жетекшісі – IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің деканы Салтанат Адиканова, ал техникалық кеңесшісі-компьютерлік модельдеу және ақпараттық технологиялар кафедрасының сеньор-лекторы Бақытжан Көпжасаров.


Шара соңында түрлі номинациялардың жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Көрме қорытындысы бойынша «Oqimyn-til» жобасы ең үздік атанды. Студенттер Аружан Ражапова мен Рүстем Жұмабек үздік IT-жоба үшін дипломмен және сыйлық сертификатпен марапатталды.