31 Мамыр 2024


ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ – ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ: ШҚУ-ДА ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

ҚХА-ның «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық мәдениеттану жобасы аясында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Шараға университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы, шетелдік және отандық сарапшылар, өңірдің ғылыми қоғамдастық, ШҚО әкімдігі өкілдері, студенттер, қуғын-сүргінге ұшырағандар мен депортацияланғандардың ұрпақтары қатысты.

Конференция барысында баяндама жасаған тарихшы ғалымдар мен сарапшылар саяси қуғын-сүргін туралы деректерді жариялаудың қазіргі заманғы тәсілдерінің өзекті мәселелерін қозғап, саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы деректерді сақтау жөнінде пікір алмасты. Атап айтқанда, онлайн-форматта Доржи Банзаров атындағы Бурят Мемлекеттік университетінің ғалымдары өз баяндамаларын ұсынды.

Проректор Ирина Ровнякова атап өткендей, Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап үкімет тапсырмасы бойынша саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендерге, лагерьлердің құрбандарына, аштық пен депортацияға қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.

– Сондықтан біз саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алып, тарихқа құрметпен қараймыз. Біз өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарында халқымыздың басына түскен ауыр сынақтарды жадымызда сақтауымыз керек, – дейді Ирина Ровнякова.

Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры Раушан Нұрбекова өз баяндамасында сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мен олар жайлы деректерді жарыққа шығару Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағының факторы болуға тиіс екенін атап өтті.

– Президенттің 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығына сәйкес, біз жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күнін атап өтеміз. Қазақстан халқы үшін бұл күн ерекше мағынаға ие. Тоталитаризм қылмысы әр отбасын жанап өтті. Бұл баршаны біріктіретін күн. Біздің міндетіміз – тарихтағы осы қайғылы оқиғаларды есте сақтау, ол туралы жас ұрпақтың білуі, болашақта мұндай жағдайдың қайталанбауын қадағалау, – дейді ғалым.

Сонымен қатар, Раушан Нұрбекованың айтуынша, қуғын-сүргінге ұшырағандардың көбінің есімі әлі де ақталмай жатыр. Бұл бағытта көп жұмыс күтіп тұр.

Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының «Мемлекеттік мұрағат» КММ директорының орынбасары Елена Костинаның ақпараты бойынша, саяси қуғын-сүргін құрбандары есімін толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының қорытындысы бойынша ШҚО бойынша оңалтуға жататын 6100 қуғын-сүргінге ұшыраған адам анықталды.

Сондай-ақ, шара аясында С. Аманжолов атындағы ШҚУ ғылыми кітапханасы дайындаған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, бейне-презентация көрсетілді.