8 июня 2024
ҚР-НЫҢ 35 ЖОО ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДЕГІ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТӘСІЛДЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ
С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да «Инклюзивті білім беру: инновациялық тәсілдер мен сын-қатерлер» тақырыбында «Арнайы педагогика» және «Денсаулық сақтау» бағыттары бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктің көшпелі бірлескен отырысы өтті. Жиынға Денсаулық сақтау министрлігінің, Оқу-ағарту министрлігінің және Ғылым және жоғары білім министрлігінің, сондай-ақ еліміздің 35 жоғары оқу орнының өкілдері қатысты.
Отырыстың бірінші бөлімінде «Инклюзивті білім беру моделі мен тұжырымдамасы» тақырыбында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген құттықтау сөз сөйледі.
-Бүгінгі талқыланып жатқан тақырып Қазақстан үшін өте маңызды, өйткені өкінішке қарай статистика артып келеді. Ерекше қажеттіліктері бар балалар саны өсуде. Тек Шығыс Қазақстанның өзінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 10 896 бала бары белгілі. С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да осы оқу жылынан бастап 25 адам білім алатын «Ерте жастан қолдау педагогикасы» және «Эргопедагогика» білім беру бағдарламасы бойынша студенттерді даярлау басталды. ЖОО академиялық қызметте осындай мамандарды даярлау тәсілдерін өзгертіп жатыр. «DANA BALA» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының базасында екінші курстан бастап дуалды оқыту белсенді дамып келеді, — деді Мұхтар Төлеген.
Бүгінгі таңда 14 ЖОО инклюзия саласында мамандар дайындауда, алайда сарапшылар осы саладағы білім беру бағдарламаларын толық жаңғыртуды ұсынды. Мәселен, түлектер білім ордасын тәмамдағанда-ақ медицина және психология саласында білімдерінің болуы туралы ұсыныс айтылды.
-Аманжолов университеті алғашқы болып ЖОО-да «Эргопедагогика» білім беру бағдарламасы бойынша мамандарды даярлап бастады. Студенттерге «Ерте жастан қолдау педагогикасы» білім беру бағдарламасы да қолжетімді екені қуантады. Бүгінгі кездесу жаңа міндеттерді анықтауға және оларды іс жүзінде жүзеге асыруға тамаша мүмкіндік болды, — деді Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Джарасова.
Отырыс соңында жоғары оқу орындарында реабилитология факультетін ашу және «реабилитолог», «кинезитерапевт», «эрготерапевт» мамандықтары бойынша дәрігерлер даярлауға қосымша гранттар бөлу туралы мәселені пысықтау туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ балаларды оңалту бағыты бойынша бағдарламаларды қоса отырып, «Арнайы педагогика бойынша мамандар даярлау» бағыты бойынша бірлескен білім беру бағдарламасын әзірлеу мәселесі талқыланды. «Арнайы педагогика» бағыты шеңберінде есту, көру, сөйлеу, тірек-қимыл аппараты бұзылған, психикалық дамуы тежелген, аутизмі бар балаларды оқыту үшін мамандарды даярлау және қайта даярлау маңызды ұсынысы да көтерілді.