5 июля 2024
ШҚУ-ДА ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖАҢА КАБИНЕТТЕРІ АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Орта білім беруді жаңғырту» жобасын жүзеге асыру аясында С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да инклюзивті білім берудің екі жаңа кабинеті ашылды.
Әрбір кабинеттің жабдықталуы инклюзивті білім беру ортасын құруға маманданған Mikko жүйесінің озық технологиялары мен кешенді шешімдерін қолдана отырып жүзеге асырылды. Инновациялық компоненттердің қатарында инклюзивті дизайн, арнайы әдістемелік материалдар мен «Дамудың 6 бағыты» дидактикалық жинақтары бар. Сонымен қатар, кабинеттерде практикалық бағыттағы цифрлық оқу курстары, компьютерлік және технологиялық жабдықтар, оқыту мен өзара әрекеттесу үшін қолайлы жағдайлар жасайтын мамандандырылған жиһаз қарастырылған.
Айта кетейік, кабинеттер төрт «сенсорлық қалпына келтіру және ынталандыру» жиынтығымен, тірек-қимыл аппараты бұзылған білім алушыларға арналған аппараттық-бағдарламалық кешенмен (цебральды сал ауруын қоса алғанда), төрт «мектептік сүйемелдеу» кешенімен , сенсорлық интеграцияға арналған жабдықтармен, сенсорлық бөлмемен, «Математика» топтамасымен, екі компьютерлік жабдықтар жинағымен, тірек-қимыл аппараты бұзылған және сенсомоторлық бұзылыстары бар адамдарға арналған үлкейтілген компьютер тінтуірі мен пернетақтамен, сондай-ақ бақылау және супервизия жинақтарымен (Гезелла айнасы және веб-камера) жабдықталған.
Сонымен қатар, жаңа кабинеттердің маңызды бөлігі жеке және топтық сабақтарға бейімделген арнайы таңдалған жиһаз, оның ішінде үстелдер, орындықтар, парталар мен тумбалардан тұрады.
Бұл кабинеттердің ашылуы университеттің білім беру процесінде алуан түрлілік пен инклюзивтілікке деген ұмтылысын айқындайды.