30 июля 2024


AMANZHOLOV UNIVERSITY РЕКТОРЫ: «БІЗ 100% ДАЙЫНБЫЗ»

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жыл сайын студенттер үшін жайлы өмір сүру жағдайларын жасаудың маңыздылығын және орын тапшылығы мәселесін шешудің өзектілігін атап өтеді.С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да Студенттер үйінің мәселесі басым бағыттың бірі.


-ШҚУ жатақханалары мен оқу корпустары 100% дайын. Біз жыл сайын студенттерді орналастыру алдында мұқият мониторинг жүргізіп, олардың жайлы өмір сүру жағдайларын бағалаймыз, — дейді ЖОО ректоры Мұхтар Төлеген.


Оның айтуынша, жаңа оқу жылында студенттер әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жақсартылған жатақханаларда тұратын болады. Ыңғайлы бөлмелер, жаңа төсек-орын, жаңартылған жиһаз және жылыту жабдықтары жақсартылып, әр бөлмеде Wi-Fi орнатылған.


-Бүгінгі таңда студенттік үйлердегі шойын радиаторлар алюминийге ауыстырылды, жылыту жүйесі мен душ кабиналары жөнделді. Барлық жатақханалар пандустармен қамтамасыз етілген. №4 және №5 Студенттік үйлерде 45 жылдан бері ауыстырылмаған жаңа терезелер мен қоршаулар орнатылды. Бұл орындалған жұмыстың аз ғана бөлігі, — деп атап өтті ШҚУ-дың бірінші басшысы.


Университет инфрақұрылымы бойынша ауқымды жұмыс мұнымен аяқталған жоқ. Жаңа оқу жылында студенттерге практикалық оқытуға арналған озық жабдықтармен жабдықталған физика, биология және химия кабинеттері өз есігін ашады. Startup-жобаларды және инновациялық кәсіпкерлік жүйені дамытуға бағытталған «Shygys-BASTAU» технопаркі, сондай-ақ өңірде цифрландыруды дамыту үшін IT-мамандарды біріктіретін IT-Hub жұмыс істейтін болады. Жаңа кеңістікке медиа-зал, «Idea Room», «Lounge zone» және диалог аймағы кіреді.


Сонымен қатар, жаңа нысандар тізімінде Тұрақты даму орталығы және «EdSmart Premium» интерактивті бейнежазба мультимедиялық студиясы бар. Студент жастар үшін Smart кітапханасы бар Coworking те ұйымдастырылды.