5 августа 2024


ШҚУ ҒАЛЫМДАРЫ 630 МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ АЛТЫ ЖОБАНЫ ЖЕҢІП АЛДЫ

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған байқаудың қорытындысы бойынша ШҚУ қызметкерлері алты жобаны жеңіп алды. Олардың жалпы сомасы 630 млн. теңгеден асады. Еңбектер ғылымның бес басымдығына байланысты. Атап айтқанда, «Энергия, озық материалдар және көлік», «Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану», «Елдің зияткерлік әлеуеті», «Өмір және денсаулық туралы ғылым» және «Агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы».


Университет ғалымдары климаттың жаһандық өзгеруі жағдайында Қазақстанның агроценоздарының су режимін мониторингтеу және болжау, адами капиталды басқару, цифрлық экономиканың дамуы жағдайында еңбек ресурстарының сапасын арттыру, ГИС технологияларын қолдана отырып, ШҚО халқы денсаулығы көрсеткіштерінің кеңістіктік-уақыттық динамикасын модельдеу және т.б. бағыттар бойынша жұмыс істейтін болады.


ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен соңғы жылдары ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі айтарлықтай өсті. Бүгінгі таңда Amanzholov University-де 3 млрд. теңгеден астам сомаға жобалар орындалуда.