6 августа 2024


ШҚУ РЕКТОРЫ ЖОО ҚАБЫРҒАСЫНДА ЖӘНЕ ӨНДІРІСТЕГІ БІЛІМ ТУРАЛЫ

Бүгінгі таңда дуалды оқыту заманауи білім берудің ажырамас бөлігі. Теориялық білім мен практикалық дағдылардың берік байланысы дәл осылай қалыптасады. Бұл дайын мамандарға жұмысқа орналасуға және жұмыс процестеріне неғұрлым жылдам бейімделуге мүмкіндік береді. Дуалды оқыту кезінде студент ЖОО-ның білім алушысы бола отырып, кәсіби тәжірибе жинақтап, іскерлік ортаға үйренеді. Мұндай сауатты тәсіл оқытудың классикалық түріне қарағанда көп артықшылықтарға ие. Университетті бітірмес бұрын студент өзінің лауазымдық міндеттерін, жұмыс күнінің ерекшеліктерін, мақсаттары мен кәсіби миссиясын нақты түсінеді.

ШҚУ-да көп жылдан бері кадрларды университет базасында және өндірістік объектіде практикалық даярлауды көздейтін дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Жоғары білім беру саласындағы бұл нәтижелі әрі пайдалы сабақтастық студентке университет қабырғасында алған білімдерін бекітуге және ресми қызметкер ретінде өзін сенімді сезінуге мүмкіндік береді.

Мәселен, серіктес кәсіпорындар тізімінде: «ВНИИцветмет» ҚР Минералдық шикізатты кешенді өңдеудің ұлттық орталығы, Титан-магний комбинаты, Үлбі металлургиялық зауыты, ҚР Ұлттық ядролық орталығы, ШҚО білім басқармасы, «ТехноАналит» ЖШС, «Восток-молоко» корпорациясы, «ШҚО талдау және болжау институты» ЖШС, «SAPA» ЖК, Сот сараптамасы орталығы, №47, №15, 34, 45, 20, 48, 46 және т.б. мектептері бар.

Айта кетейін, өткен оқу жылында ШҚУ-да және кәсіпорындарда білім алған 46 дуалды білім беру бағдарламасы мен 838 студент тіркелген. Түлектердің 72%-ы университетті бітіргеннен кейін бос орындар болған жағдайда кәсіпорындарға ресми түрде жұмысқа орналасады. Одан бөлек, 3-4 курстарда да жұмысқа орналасып жатады. Бұл жұмыс процестеріне, ұжымға бейімделуді жеңілдетеді және әрине, еңбек міндеттерін орындау сапасына оң әсер етеді.

Бұған жарқын мысал 2024 жылғы түлектер. ШҚУ түлектері жұмысқа орналасуда жоғары нәтиже көрсетуде. Соның қатарында «Химия» білім беру бағдарламасы бойынша оқуын тәмамдаған Александра Снегирева. Бүгінде Александра химиялық зертханада инженер қызметін бастап кеткен.

Александраның айтуынша, таңдаған мамандығы ерекше артықшылық — дуалды оқытуға мүмкіндік берді. Университетте теориялық білім алса, зертханада оны бекітіп, жаңаны үйренген. Осылайша оқып жүріп, болашақ жұмыс орынын тапты.

Көптеген студенттер оқу аяқталғанға дейін тағылымдамадан өту және жұмысқа орналасу туралы ұсыныстар алатындығы қуантады. Осындай мысалдардың бірі — 2024 жылғы түлек Ксения Колодницкая. Ол төртінші курста Дарынды балаларға арналған валеологиялық мамандандырылған мектеп-кешеніне тағылымдамадан өтуге шақыру алды. Қазір мектепке дейінгі топта оқытушы ретінде ресми түрде жұмысқа орналастырылды. Ксения Колодницкаяның мысалы студенттерді даярлаудың жоғары деңгейін, білім беру бағдарламаларының тиімділігін және болашақ мамандарға көрсетілетін ЖОО-ның қолдауын көрсетеді.

Қорытындылай келе, дуалды оқыту жүйесі оқу орынын бітірген түлекті белгілі бір салада дипломы бар маман ретінде ғана емес, кез-келген кәсіби міндеттерді өз бетінше орындай алатын кадр ретінде дайындауға мүмкіндік береді. Соның ішінде дуалды оқытудан өткен ұйымның немесе кәсіпорынның жұмыс ерекшеліктерін білетін маман ретінде даярланады.

Мұндай мамандардың өндіріс үшін құндылығы қарапайым түлектермен салыстыруға келмейді, Оларға болашақ орта және жоғары буын басшылары ретінде көп үміт артылады. Осылайша, дуалды оқыту формасы бүкіл академиялық процестің практикалық негізін едәуір нығайтуға және кәсіби кадрларды даярлауда керемет нәтиже береді.

 

ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген