7 августа 2024


АБАЙ МҰРАСЫ: АҚЫННЫҢ ТУҒАН КҮНІНЕ ОРАЙ ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

ШҚУ-да қазақтың ұлы ақыны, философы, аудармашысы, композиторы, қоғам қайраткері Абай Құнанбайұлының туған күніне арналған «Абай мұрасы — адами құндылықтың шыңы» атты облыстық ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

Мәдени шараны «Абайтану» ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды. Семинарға тарихшылар, ғалымдар, оқытушылар мен педагогтар, өңірлік БАҚ өкілдері, ЖОО магистранттары мен студенттер қатысты. ШҚУ-дың тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Жаннета Қалимолдина Абай – қазақ халқы үшін қашанда құрметі жоғары, көрнекті тұлға екенін атап өтті. Осы себепті ұлы тұлғаның мұрасын дәріптеу және осындай кездесулерді үнемі өткізу өте маңызды.


Семинар барысында тыңдаушыларға Абай шығармаларын оқыту, оның мұрасы мен ұлттық тәрбиесі туралы тақырыптық бейнеролик пен ғылыми баяндамалар ұсынылды.

-Абай шығармашылығы қазақ халқының тағдыры, оның өткені, бүгіні мен болашағы туралы ойлардан тұрады. Біз бұл ілімдер мен тұжырымдарды есте сақтап қана қоймай, күнделікті өмірде де қолдануымыз керек, — дейді «Абайтану» ҒЗО директоры Айжан Қартаева.


Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президентінің бастамасымен 10 тамыз «Абай күні» болып ресми түрде бекітілді.