22 августа 2024


AMANZHOLOV UNIVERSITY ҒАЛЫМЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫН ДАМЫТУДА

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың қауымдастырылған профессоры. Мархаба Карменова үш метеостанциясы бар жергілікті мониторингтік желіні әзірлеуде. Мұндай өнертабыс Қазақстанның агроценоздарының су режимін объективті талдау және болжау үшін қажет. Бұл кейіннен елдегі су тасқыны жағдайының алдын алуға және ауыл шаруашылығы саласының дамуына оң әсер етеді.


— Бүгінгі таңда командамызбен жасанды интеллект пен сараптамалық деректердің артықшылықтарын пайдалана отырып инновациялық жүйе құрып жатырмыз. Жауын-шашын, температура, топырақ ылғалдылығының және ауаның ультра сезімтал датчиктерімен жабдықталған метеостанциялар мәліметтерді жинап, біздің серверге жібереді. Алынған мәліметтер негізінде жасанды интеллект ықтимал су тасқынын, өнімділікті болжай алады немесе белгілі бір учаскеде егуге келетін дақылды анықтай алады, — дейді Мархаба Ахметоллақызы.


Жаңа жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған байқауда жеңімпаз атанып, өзектілігін дәлелдеді. С. Аманжолов атындағы ШҚУ ғылыми тобының алдағы жұмыстары бірыңғай деректер базасын құруға және ауыл шаруашылығын жүргізу әдістері, су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі жағдайында өсімдік шаруашылығын бейімдеу стратегиялары бойынша практикалық ұсынымдар әзірлеуге бағытталатын болады.