27 августа 2024
ШҚУ-ДА БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТТЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Педагогика жоғары мектебінде оқу үдерісін ұйымдастыру мәселелеріне арналған бірінші курс студенттерімен дәстүрлі кездесу өтті. Қабылданған студенттерге стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ирина Ровнякова мен Педагогика жоғары мектебінің деканы Гүлнар Күленова құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар, кездесуге профессорлық-оқытушылық құрам, кафедра меңгерушілері және «Парасат» студенттерге қызмет көрсету орталығының мамандары қатысты.
Бірінші курс студенттеріне университет құрылымы, оқу үдерісі, бағалау жүйесі туралы ақпарат беріліп, материалдық-техникалық базасы таныстырылды. Кездесу барысында сабаққа қатысу, академиялық адалдық және университеттің ішкі тәртіп ережелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ, бірінші курс студенттері ғылыми және қоғамдық қызметке қатысу мүмкіндіктері, шәкіртақы бағдарламалары және басқа да студенттерді қолдау нысандары туралы ақпарат алды.
— Бүгінгі кездесу — бірінші курс студенттеріміз үшін алғашқы қадам. Алда студенттерді қызықты оқу жылдары күтіп тұр. Біздің міндетіміз — студенттердің әлеуетін ашуға және қойылған мақсаттарға жетуге көмектесу. Бірінші курс студенттерімізге сәттілік тілеймін, — деді Гүлнар Күленова.
Кездесу сұрақ-жауап сессиясымен аяқталып, бірінші курс студенттері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, әкімшілік өкілдерінен және оқытушылардан толық жауаптарын алды.
Мұндай іс-шаралар студенттердің оқу ортасына сәтті енуіне және тұрақты академиялық дағдыларды қалыптастыруға ықпал ететін бейімделу процесінің маңызды бөлігі.