2 сентября 2024


AMANZHOLOV UNIVERSITY ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖОЛДАУЫН ТЫҢДАДЫ

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да жоғары оқу орынының басшылығы, қоғам қайраткерлері, професорлар, педагогтер мен сарапшылар «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын тыңдады.
Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында экономикалық даму, елдегі саяси тұрақтылық пен әлеуметтік қолдау сынды елдегі өзекті мәселелерге тоқталды. Әділеттілік жаңа экономикалық бағыттың өзегіне айналуы тиіс. Тұрақты әлеуметтік-экономикалық прогресті қамтамасыз ету азаматтардың жасампаздық әлеуетін жан-жақты ашу, халықтың әл ауқатын нақты арттыру -мемлекеттің басты міндеттері.
Мемлекет басшысы ақша-несие және фискалдық саясат арасындағы теңгерімсіздікті жою, елдің индустриялық әлеуетін нығайту, елдегі басым инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, ұлт денсаулығын нығайту бойынша кешенді шараларды қолдану және әлеуметтік қолдауды қайта жандандыру және азаматтарды қолдауға арналған жүйені жандандыру сынды өзекті мәселелерді қозғады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Біздің университетіміз де қоғамдағы еңбекқорлық пен кәсібилік идеяларын насихаттауда үлкен рөл атқарады. Адал, қажырлы еңбек арқылы жетістікке жеткен адамдарды қашанда лайықты құрметтеп, ардақтау керек деген пікірімен толық келісемін. Бұл біздің «жауапты азамат – адал еңбек – лайықты табыс» қағидатымызға толық сәйкес келеді.
Мемлекет басшысы экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз ету және су шаруашылығы, құрылыс, энергетика сияқты негізгі салалардағы маман тапшылығын еңсеру, болашақта пайда болатын мамандықтарға мамандар даярлау қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті.


ШҚУ өзінің оқу үдерісін интернационалдандыру және экономиканың нақты секторының талаптарына сәйкес келетін заманауи білім беру бағдарламаларын әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Университет қазірдің өзінде өңірдегі кәсіпорындармен және ұйымдармен өзара келісім жасап, оларға қажетті білім мен дағдыларды меңгеріп қана қоймай, жаңашылдық енгізуге дайын білікті кадрлармен қамтамасыз етуде. Университет Шығыс Қазақстанның ірі кәсіпорындарымен және ұйымдарымен кадрларды даярлау бойынша 450-ден астам келісім-шарт жасасқан. Серіктестікке 150-ден астам кәсіпорын тартылды. Білім беру бағдарламалары ШҚО Білім басқармасымен, «Казцинк» ЖШС, «ҚазМинералс», ҚР Ұлттық ядролық орталығы, «УМЗ» АҚ, ШҒЗТКМтүсмети, «ТМК» АҚ сияқты жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша белсенді түрде бейімделуде.

Сонымен қатар, университет халықаралық ғылыми және білім алмасу бағдарламаларына белсенді түрде қатысады, бұл оқытушылар мен студенттердің біліктілігін арттыруға ықпал етеді. Студенттерді АҚШ, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азияның жетекші университеттеріне жіберіп, әлемнің 120-дан астам шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестік туралы келісімдер жасалған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауындағы басым міндет — ауқымды цифрландыру. Қазақстан жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кеңінен қолданатын елге айналуы тиіс, -деді Ел Президенті.


Айта кетейік, ШҚУ-дың базасында STEM орталық, Robolab зертханалық кабинеті ашылды, материалдық-техникалық қоры нығайтылған компьютерлік модельдеу және ақпараттық технологиялар кафедрасы жұмыс істейді. Университетте «Компьютерлік мехатроника» және «STEM» инновациялық білім беру бағдарламалары енгізілген. ЖОО студенттері «Робототехника» және жасанды интеллект бағыттары бойынша пәндеріне белсене қатысып, жыл сайын өтетін «Хакатон» әзірлеушілерге арналған форумға қатысып, жүлделі орындарға ие.

Сонымен қатар, оқу үдерісіне «Жасанды интеллект негіздері», «Эксперттік жүйелер және жасанды интеллект», «Нейропсихология және жасанды интеллект» пәндері енгізілген.
Бүгінгі таңда біз кез-келген қиындыққа дайын болуымыз керек, сондықтан фермерлердің қажеттіліктері үшін тасқын суларды жинап, суды үнемдеу жұмыстарын ұйымдастыра отырып, су қорын құруды үйрену керек. Бұл әсіресе ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдануды талап етеді.
Университет ғалымдары осы бағытта бірқатар ғылыми жобаларды әзірлеп жатыр. Мәселен, Amanzholov University студенттері су тасқынын алдын ала ескертетін гидропост жасады. Ол нақты уақыт режимінде судың деңгейі, температурасы, мөлдірлігі және ағысының жылдамдығын қадағалайды. Сонымен қатар, «Гидроэкология, менеджмент және трансшекаралық су қауіпсіздігі» атты жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылды.

Жер ресурстары саланың инвестициялық тартымдылығын арттырудың басты элементі болып табылады. Осыны ескере отырып, университет ғалымдары топырақтың тозуына қарсы биогель әзірлеп жатыр. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығында пайдаланылатын топырақтардың 75%-дан астамы тозуға ұшыраған, ал қалған 25%-ы қауіп-қатер аймағында тұр. Бұл өнімділіктің төмендеуіне және елеулі қаржылық шығындарға әкеледі.


Топырақ құнарлылығын арттыру мәселесіне отандық ғалымдар да назар аударуда. Мысалы, Amanzholov University-дің ғылыми қызметкері Қыдырмолла Ақатан агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін целлюлоза негізіндегі көпқұрамды биогидрогель әзірлеуде. Бұл жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым комитетінің 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсында жеңіске жетті.


Экологиялық жағдайды жақсарту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, заң мен тәртәп идеологиясы, есірткіге қарсы күрес. Соңғы тақырыпқа тоқталғым келеді. Студенттермен ай сайын темекі шегу, есірткі қолдану және құмар ойындардың зияны туралы кездесулер мен әңгімелер өткіземіз. Біз дені сау болашақ ұрпақ үшін жұмыс істейміз!
Қорыта айтқанда, Әділетті Қазақстанды құру ісі жүріп жатыр, және, ең бастысы, бұл халықтың үміт-тілектеріне толық сәйкес келеді. Сондықтан біз стратегиялық бағытымыздан ауытқымай, алға қойған мақсаттарымызды жүзеге асыруымыз қажет.

 

ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген