18 сентября 2023


БОКСТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АЙДОС ЕРБОСЫНҰЛЫ ШҚУ СПОРТШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Amanzholov University-дің жас спортшылары қазақстандық белгілі былғары қолғап шебері Айдос Ербосынұлымен кездесті. ҚР Спорт шебері орта және екінші орта салмақта бокста өнер көрсетеді. WBA International, WBO Global, WBC Asian Continental және WBC Asian нұсқалары бойынша әлем чемпионы белбеулерінің иегері. Екінші орта салмақта Шыңғысханның Алтын белдігі иегері.
«Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының студенттері, спорт шеберлері мен спорт шеберіне үміткерлер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, еркін сұхбат құру мүмкіндігіне ие болды. Емен-жарқын әңгімеде Айдос Ербосынұлы биік мансапқа жету жолы жайлы бөлісіп, жаттығу, спорттық диета ерекшеліктері, допинг қолдануға көзқарас, кәсіптің күрделі тұстары жайлы айтып берді. Боксшының айтуынша, кәсіпқой спорттағы ең бастысы – дұрыс әрі белсенді промоутерді табу. Жүйелі жаттығып, бос уақытты тиімді өткізу. Мысалы, спортшы қолы босаса табиғат аясына шығуды ұнатады. Солайша денсаулығына пайдалы іспен айналысады.
Кездесу барысында білім алушылар боксшының соңғы жекпе-жегі жайлы да сауалдарын қойды. 2022 жылдың 5 қарашасында өткен жекпе-жекте отандасымыз кубалық қарсыласы Дэвид Моррелға қарсы қолғап түйістірген еді. WBA нұсқасы бойынша тұрақты әлем чемпионы атағы үшін бәсекеде Ербосынұлы жеңіліс тауып, қатты жарақат алған. Содан бері шаршы алаңға шықпаған чемпион қазір кәсіпқой боксқа оралуға дайындық үстінде. Жан-жақты спортшы шығармашылыққа да жақын. Таяуда ғана Айдос Ербосынұлы алғашқы авторлық «Жағың сынса да, сағың сынбасын» кітабын таныстырған болатын.
Сөз соңында боксшы сапалы жоғары білім алу мен ағылшын тілін үйрену қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамды спортшылардың сауатсыздығы туралы стереотиптерден арылту керек.