12 сентября 2024


ЖОО-ДА АЭС САЛУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазақстанда 6 қазан күні АЭС салу туралы референдум жоспарланған. С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да осы мәселе төңірегіндегі ашық талқылау өтті. «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ ғылыми орталығының басшысы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Манарбек Қылышқанов және Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің ғылыми қызметкері сарапшылық етті. Шараға ЖОО ректоры Мұхтар Төлеген, проректорлар, ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Үкіметтің АЭС салуға бірнеше салмақты себебі бар деді сарапшылар. Ең үлкен себеп 1,4 миллион тонна уран қорының болуы. Ал, бұл ядролық отын дайындаудың негізгі компоненті.

—     Мемлекетіміз қазақстандық ресурстың игілігін көруі керек. Бізде уран түйіршіктерін дайындау жақсы дамыған. Бұл бізге атом өнеркәсібін ары қарай өз бетімізбен дамытуға негіз бола алады,-  деді Манабек Қылышқанов.

Екінші себеп, халық денсаулығы мен қоршаған ортаға қауіпсіз болуы. Бұрынғы тәжірибеден сабақ ала отырып, қазіргі реакторлардағы жаңа қорғаныс жүйесін мықты дамытқан. Айжан Байділдинаның айтуынша, АЭС пайдалану кезінде түзілген радиоактивті заттар қатаң бақылауға алынады.

Экологияға тигізетін оң әсерін де ұмытпау қажет. АЭС қолдану нәтижесінде дәстүрлі мұнай мен көмірді пайдалануды азайтқандықтан ауадағы көмірқышқыл газының үлесі төмендейді.

Сондай-ақ, ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген кадрлық резервке тигізетін әсері жайында мәлімдеді.

—     Атом өнеркәсібіне мамандар дайындау – еліміздің дамуы үшін маңызды. Осы салаға қатысты біздің ЖОО бірнеше жылдан бері «Физика», «Ядролық физика және атом энергетикасы», «Қолданбалы физика, наноматериалдар және инновациялар» білім беру бағдарламалары бойынша мамандар дайындап келеді. Біз ғалымдар мен студенттеріміз ғылыми-зерттеулерін жүзеге асырып жүрген ҚР Ұлттық ядролық орталығымен тығыз байланыстамыз. АЭС құрылысы – ғылыми жетістіктерді жүзеге асыратын жаңа жұмыс алаңы, — деді университет жетекшісі.

Кездесу соңында ашық әңгіме алаңы ұйымдастырылды. Өнеркәсіп саласына маманданған студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Олар бұл шара сенімді әрі шынайы ақпарат көзі болды деп тарқасты.