1 октября 2024


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚАЙТА ДАЯРЛАУ КУРСТАРЫ АШЫЛДЫ

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жоғары білім алған педагогикалық емес мамандар үшін 8 айлық педагогикалық қайта даярлау курстары басталды.

Курстардың ашылуына университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Нұрлана Әлімбекова, кәсіптік даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығының директоры Бақытгүл Исебаева, сондай-ақ профессорлық-оқытушылық құрам қатысты.

Шара Нұрлана Әлімбекованың сөз сөйлеуімен ашылды:

— Қазіргі уақытта елімізде әртүрлі бейіндегі педагогикалық кадрларға қажеттілік жоғары. Осыған орай, Қазақстанда педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларына ерекше назар аударылады. Соңғы төрт жыл ішінде «Қазақстан Республикасының педагогикалық білім беру әлеуетін күшейту» ұлттық жобасы аясында 30 инновациялық білім беру бағдарламасы әзірленді, — деп атап өтті ол.

Айта кету керек, ШҚУ осы инновациялық бағдарламаларды әзірлеуге қатысқан 17 университеттің қатарында. 2024-2025 оқу жылынан бастап «Педагогикалық қайта даярлау» бағдарламасын қоса алғанда, педагогика ғылымдары саласында 25-тен астам инновациялық білім беру бағдарламасы енгізілетін болады.

Іс-шараның соңында тыңдаушылар академиялық күнтізбе мен курстардың кестесімен танысты. Оқу дәстүрлі форматта №1 оқу ғимаратында, 218 және 229 аудиторияларында өтеді.