4 октября 2024
СӘТБАЕВ ЖӘНЕ ХХ-ҒАСЫРДАҒЫ ҰЛТ МӘДЕНИЕТІ
Тұңғыш геолог ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың туғанына 125 жыл толуына орай Amanzholov University-ға Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті музейінің бас маманы Аспандияр Өмірбеков «Сәтбаев және ХХ-ғасырдағы ұлт мәдениеті» атты дәрістерін өткізуде.
ШҚУ ректоры Мұхтар Төлегеннің шақыртуымен ЖОО студенттеріне пайдалы қазбалардың мол қорын ашқан геолог ғалым, академик Қаныш Сәтпаевтың өмірі мен еңбек жолы жайлы құнды дәріс жүргізілуде. Дәрістер курсының мақсаты — студенттерге Қаныш Сәтбаевтың XX ғасырда қазақ даласының қазба байлықтарын зерттеуге қосқан үлесін, ел болашағына жанашыр болған ғалымның жан-жақты білімділігін үлгі ету.
Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ музейінің бас маманы Аспандияр Өмірбековтің Сәтпаев тану ғылымында 20 жылдық тәжірибесі бар білікті маман.
— Қ.Сатпаев атындағы ҚазҰТЗУ мен С.Аманжолов атындағы ШҚУ арасында серіктестік дамып келеді. Ғылым мен білімді алға қойған студенттердің болашағы жарқын. Қазіргі геолог мамандарға қойылатын басты талап – жаңа технологияны меңгеру. Геологиялық барлау-іздеу жұмыстары технологияның көмегімен алға басып отыр. ШҚУ студенттері дәріске қызығушылық танытып, Қ.Сатпаев тер төккен салалардың көптігіне көздері жетті, — деді Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ музейінің бас маманы Аспандияр Өмірбеков.
Қазақтың тұңғыш ғылым академиясын құрған Қаныш Сәтпаевтың музыка саласына қосқан үлесі де орасан зор. Аспандияр Өмірбеков ғалымның өзі ұстаған домбырасымен оның сүйікті әндерін студенттерге орындап берді.
— Бүгінгі дәріс бізге ұнады. Геология, ауылшарушалығы, музыка, кино өнерінің негізі қалануына ықпал еткен, қазақ студенттерін оқуға шақырып жанашыр болған ғалымның өмірі бізге үлгі. Осындай құнды мәліметтер білуге мүмкіндік берілгеніне қуаныштымыз, — деді ШҚУ студенті.
Алдағы екі апта ішінде ҚазҰТЗУ музейінің бас маманы Аспандияр Өмірбеков студенттерге өзінің Қаныш Сәтпаев жайлы жазған монография, оқулықтарынан тың дәрістер ұсынатын болады. Сәтпаев танушының 20-дан астам ғылыми мақалалары жарық көрген.