Ұлан ауданы Бозанбай ауылының маңындағы Бүркіт төбе аумағында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтың қолдауымен және туризм саласындағы бренд амбассадор Мұхтар Тойбазаровтың басшылығымен жыл сайынғы дәстүрлі «Шығыс Салбұрыны-2024» халықаралық бүркітшілер фестивалі өтті. Іс-шараға 500-ден астам студент, профессорлық-оқытушылық құрам, сондай-ақ Оңтүстік Корея, Индонезия, Түркия, Польша, Италия және басқа да елдерден келген шетелдік қонақтар қатысты.
Бұл іс-шара қазақ халқының мәдени мұрасын сақтауға және ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықты дамытуға бағытталған маңызды оқиға болды,- деп атап өтті ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Айта кетейік, фестиваль қонақтары үшін атпен серуендеу, жыртқыш құстармен аң аулау, садақ ату және бағалы сыйлықтар ойнатылған лотерея сынды қызықты бағдарламалар ұсынылды. Турнирге Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Венгрия және Ресей мемлекеттерінен келген 80-ге жуық бүркіт, 30 сұңқар және 30 тазы ит жарыстың көркін қыздырды. Аумақта 20-дан астам киіз үй орнатылды, оның ішінде С.Аманжолов атындағы ШҚУ тіккен киіз үйде домбырада күй ойналып, дәстүрлі әндер шырқалды.
— Бұл фестивальге бірінші рет қатысып отырмын және ұлттық мәдениет пен спорттың жоғары бағаланып, насихатталуын көру мен үшін үлкен ақтаныш. Әсіресе, бүркітшілердің өнері мені таңқалдарды, — деп бөлісті ШҚУ студенті Анель Алпысбаева.
— Фестивальдің ұйымдастырылуы жоғары деңгейде. Қазір мен Amanzholov University-дің киіз үйіндемін, мұнда домбырамен күй тартылып, дәстүрлі әндер орындалып жатыр. Бұл жердегі көрініс ерекше рухтандырады, — деп атап өтті ШҚУ студенті Айхат Әділов.
Университет қонақтарды жылы қарсы алып, 500-ден астам студент пен фестиваль қатысушыларына тегін палау таратты