16 октября 2024


ШҚУ-ДА “ПӘНДІК МАМАНДАНДЫРЫЛМАҒАН МҰҒАЛІМДЕРДІ ДАЯРЛАУ” БАҒЫТЫ БОЙЫНША XV РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘНДІК ОЛИМПИАДА ӨТТІ

Amanzholov university-де “Болашақ табысты ұстаз — ұлт кепілі” атты “пәндік мамандандырылмаған мұғалімдерді даярлау” бағыты бойынша XV республикалық пәндік олимпиада өтті. Республика көлемінде ұйымдастырылатын пәндік олимпиаданың болашақ кадр сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруда маңызы жоғары.

 

Республиканың педагогикалық бағытта мамандар дайындайтын жоғары оқу орындарынан 17 команда келіп қатысты. Қатысушылардың әрқайсысы жаңа форматта, креативті идеямен ерекшеленді. Республикалық пәндік олимпиада студенттердің болашақ мамандығына қызығушылығын арттыруға, дарынды жастарды анықтауға және қолдауға бағытталған.

Білімділер сайысы “Мұғалім оқушыны табысқа жетелейді” таныстыру кезеңі, “Күш — білімде” теориялық сайысы, “Оқимын, талдаймын” және “Педагогикалық симфония” практикалық сайысынан тұрды.Таныстыру кезеңінде жоғары білім алушы жастар сабақ өткізу кезінде жасанды сана арқылы балалардың назарын аудартуды көздейтіндіктерін байқатты. Қатысушылар «Күш – білімде» бөлімінде 5 минуттың ішінде көрнекілік жасаудан сынға түсті. Командалар ой ұшқырлықтарын танытып, қарапайым заттардан балаларды қызықтыратын көрнекіліктер жасады. Үшінші кезеңде оқу сауаттылығына бағытталған мәтінмен жұмыс істеуге тапсырма берілді. Соңғы төртінші бөлімде үй тапсырмасына берілген бейнесабақтың нәтижелері көрсетілді.

— Қазақстанның әр түкпірінен келген студенттерге алғыс білдіремін. Білім додасында үздіктер озсын. Алайда, ең бастысы біздің достығымыз. Ынтымағы жарасқан білімді ұрпақ — ел болашағы. Мұғалім мәртебесі қай қоғамда да биік, — деді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Әділқазы алқалары ретінде Өскемен қаласының жалпы білім беретін мектептердің бастауыш сынып мұғалімдері төрелік етті. Олар әр кезеңде командалардың бастауыш сынып мұғалімдерінің маңызын аша білулеріне, сөйлеу мәдениетіне, креативтілігіне, тапқырлықтарына, стандартты емес мәтіндермен жұмыс істей білулеріне және шығармашылық ойлау қабілеттерінің озықтығына мән берілгенін айтты.

Ұлттың зияткерлік әлеуетін көтеруде пәндік олимпиадалардың үлесі басым. Білім бәйгесіндегі болашақ ұстаздар өз өнерлері арқылы ел тізгінін ұстайтын жастардың бойына білімнің негізін қалайтын бастауыш сынып мұғалімі екенін жеткізді. Ақпараттық технологиялар заманында білім алып жатқан балаларға сабақ беру барысында бастауыш сынып мұғалімдеріне артылатын жүк аз еместігін атап өтті.

 

— Республикалық пәндік олимпиада өте тартысты өтті. Әр команда тыңғылықты дайындалған. Біз де осы сайысқа шығармашылық тұрғыда дайындалып келдік. Қарсыластарымыз да осал емес. С.Аманжолов атындағы ШҚУ республикалық пәндік олимпиаданы жоғары деңгейде ұйымдастырған, — деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Аяулым Мұхамеджан.