18 октября 2024


«ДАНА БАЛА» ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫНДА СЕМИНАР-ПРАКТИКУМ ӨТТІ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Дана бала» үздіксіз инклюзивті білім беру орталығында «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-технологиялық қолдау жөніндегі құзыреттілік орталығы» жобасы аясында семинар-практикум өтті.

Семинар-практикум барысында қатысушыларға «Дана бала» инклюзивті білім беру орталығының зертханалары таныстырылды. С.Аманжолов  ғалымдарының жобасымен дайындалған тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған трансформацияланатын кресло-вертикализаторлар, орындықтар, төсектер, аяқтарына арналған экзоскелеттер көрсетілді. Бұл патенттелген құралдар ойлау қабілеті, зейіні сақталған балаларға таптырмас көмекші құрал. Трансформацияланатын төсек баланы тігінен тұрғызуға, креслоға айналу арқылы отырғызуға немесе жатқызып білім алуына жағдай жасайды.

Электронды оқу құралдары мен интерактивті тренажерлары бар дефектологтың кәсіби үстелі арқылы баланың мектепте оқуға деген ынтасы оянады, қоршаған ортаға қатысты жаңа сөздік қоры қалыптасады, суреттеу, баяндау, сыни пікір білдіруге дағдысы қалыптасады, сөздерді буынға бөлуді үйренеді және дұрыс сөйлей алады.

— Қазақ тіліндегі дефектологтың кәсіби үстелі таптырмас инновациялық көмекші құрал. Жаңа нәрсені танып-білу процессін қызықты әрі ұтымды етеді. Ақылды айна – әр баланың табысқа жетуіне көмек береді. Дефектолог, логопед мамандарға арналған үстелде қосымша кітаптарға арналған сөре, ойын тақтайшалары бірге жүреді. Бала омыртқасын бүкірейтіп алмас үшін үстелде тұрып жұмыс істейтін болады, — деді «Дана бала» орталық ғылыми-білім беру мекемесінің меңгерушісі Алима Алипова.

Логозертханадағы балалардың ұсақ маторикасын дамытуға бағытталған төсемелер арқылы бала түстерді, геометриялық пішіндерді үйренеді. Балалардың сезім мүшесін дамытуға бағытталған құм-терапиясы да бар.

Бұдан басқа гипер белсенді балаларға және аяғының ұшымен жүретін балаларға арналған ауыр жамылғының ұтымды тұстары айтылды. Ауыр салмағы арқылы баланың денесіне физикалық күш түсіріп тыныштандырып, сабақ өтуге мүмкіндік береді. Бала жамылғының жылуы арқылы жайлылық сезіп тыныш отыра алады. Ал аяғының ұшымен жүретін бала денесіндегі салмақты көтере алмауының әсерінен табанын толық басатын болады.

Семинар-практикум соңында практикумге қатысқан ұстаздарға, балабақша тәрбиешілеріне сертификаттар табыс етілді.