18 октября 2024


ШҚУ-ДА «МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ОҚЫТУ ЖӘНЕ ТӘРБИЕЛЕУ» ХVІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘНДІК ОЛИМПИАДАСЫ ӨТТІ

Amanzholov university-де «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» білім беру бағдарламасы бойынша ХVІ республикалық пәндік олимпиадасы өтті. Республика көлемінде ұйымдастырылатын пәндік олимпиаданың болашақ кадр сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруда маңызы жоғары.

Қатысушылардың әрқайсысы жаңа форматта, креативті идеямен ерекшеленді. Республикалық пәндік олимпиада студенттердің болашақ мамандығына қызығушылығын арттыруға, дарынды жастарды анықтауға және қолдауға бағытталған.

Білімділер сайысы «Біз қалаған мамандық» таныстыру кезеңі, «Ойла да, ойна» теориялық сайысы, «Қалдық заттарға екінші өмір сыйла»   және «Ойын іс-әрекеті — біздің тәжірибеде» практикалық сайысынан тұрды. Қатысушылар «Қалдық заттарға екінші өмір сыйла» кезеңінде 5 минуттың ішінде көрнекілік жасаудан сынға түсті. Командалар ой ұшқырлықтарын танытып, қарапайым заттардан балаларды қызықтыратын көрнекіліктер жасады. Соңғы төртінші бөлімде үй тапсырмасына берілген бейнесабақтың нәтижелері көрсетілді.

Ұлттың зияткерлік әлеуетін көтеруде пәндік олимпиадалардың үлесі басым. Білім бәйгесіндегі болашақ тәрбиешілер өнерлері арқылы балабақша тәрбиеленушілеріне ойын арқылы өтетін сабақтардың үлесі жоғары екенін көрсетті.

— С.Аманжолов атындағы ШҚУ республикалық пәндік олимпиаданы жоғары деңгейде ұйымдастырған. Республикалық пәндік олимпиада өте тартысты өтті. Біз осы сайысқа шығармашылық тұрғыда дайындалып келдік. — деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Саяжан Қайырғалымова.

Әділқазы алқалары ретінде Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің балабақша-бөбекжайларының директорлары төрелік етті. Олар әр кезеңде командалардың мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығының маңызын аша білулеріне, сөйлеу мәдениетіне, креативтілігіне, тапқырлықтарына және шығармашылық ойлау қабілеттерінің озықтығына мән берілгенін айтты.