22 октября 2024


«БЕРЕЛ-ҚАРАҚАБА» КӨШПЕЛІ КӨРМЕСІ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ базасында «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Берел-Қарақаба» тақырыбында ауқымды көрме өтті. Көшпелі көрмеге ШҚУ білім алушылары үшін «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорынан арнайы IV–V ғасырға тән археологиялық жәдігерлер әкелінді.

— Республика күніне орай ұйымдастырылыған көрменің мақсаты қазақ жерін мекен еткен ежелгі тайпалардың мәдениетін хабардар ету. Барлық жоғары мектептің қызығушылық танытқан студенттері көрмемен танысты. Бұл көрменің білім алушыларға берері көп. Кітаптан көрген жәдігерлерді көзбен көру тарих беттеріне шолу жасады, — деді университет музейінің жетекшісі Назым Аманжолова.

Катонқарағай өңірі тарихи ескерткіштерге толы. Климаты қолайлы, табиғаты көркем болғандықтан да ақсүйектер көп жерленген киелі мекен.

— С.Аманжолов университетінің білім алушыларына көшпелі көрмені әкелу арқылы тарихымызды түгендеп, ежелгі көшпенділердің мәдениетінен сыр шертетін жәдігерлерді көзбен көруге мүмкіндік беру. Төл тарихымызға қызығушылықтарын арттыру, — деді «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорының экскурсиялық бөлім басшысы Азат Мухтарханов.

Көрмеге тотығуға ұшырамай жақсы сақталған темір ат ауыздығы, аттың кеудесіне әшекей ретінде таққан қабан шошқаның азу тісі қойылды. Бұл бұйымдар жұқа алтынмен қапталып көмкерілген. Сабы барыстың бейнесінде жасалған қола айна, адамның басы мен маралдың бейнесінде жасалған әшекей бұйымдар қойылған. Бұл заттарды киімге, етіктің қонышына қадаған деген дерек бар. Әйел адамның қабірінен шыққан табиғи көгілдір, ақ тастардан жасалған алқа, білезіктер көрме келушілерінің назарын аударды.

Студенттер бұл көрмені ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Ақсүйектер мен скиф-сібір аң стилінде жасалған заттарының нәтижесінде әлемге әйгілі болған «Берел» қорымынан табылған заттарды өз көздерімен көру тарихты тануға деген қызығушылықтарын одан әрі арттырғанын жеткізді.