21 ноября 2024


ШҚУ РЕКТОРЫ: «ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ ЖЕТЕКШІ ЖОО-ЛАРЫМЕН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ»

«Дүние жүзіндегі жетекші университеттермен және ғылыми орталықтармен өзара байланысты нығайту – С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің басым міндеттерінің бірі. Бүгінде біздің ЖОО білім және ғылым саласында 200-ден астам серіктестік келісімшарттарына ие.

Осы бағытты нығайту мақсатында мен ЖОО делегациясымен бірге Қырғызстанда өткен Орталық Азиядағы ЖОО ректорлар форумына қатыстым. Басты мақсат – өңірлік серіктестікті нығайту.

Жұмыс сапары барысында біз бауырлас елдің жоғары оқу орындарын араладық. Атап айтқанда, И.Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетін және 40 мыңға жуық студент білім алатын ірі Ош мемлекеттік университетіне бардық. Бізге факультеттердің қызметі, материалдық-техникалық базасы және студенттік кампустарда тұру шарттары таныстырылды.

Ош мемлекеттік университеті Қырғызстан Халық Комиссарлары Кеңесі шешімімен 1939 жылы Ош мұғалімдер институты болып құрылған. Қазіргі таңда 72 мамандық бойынша 49 мыңға жуық студент білім алады. ОшМУ-да әлемнің 27 елінен 13510 студент білім алуда. ОшМУ-да барлығы 1500-ден астам оқытушы және 1200-ден астам қызметкер жұмыс істейді.

Қазіргі таңда ОшМУ құрамында 17 факультет, 3 білім беру институты, 6 колледж, 5 лицей, 1 балабақша, аспирантура, ординатура, магистртура бөлімдері бар. Мұнда Бизнес және менеджмент факультеті, Математика және ақпараттық технологиялар факультеті, Теология факультеті, орыс филологиясы факультеті, Физика-техникалық факультеті, Шет тілдер факультеті, Жаратылыстану және география факультеті, Тарих-заң факультеті, Медицина факультеті, Халықаралық медицина факультеті, Журналистика факультеті, Педагогика және дене тәрбиесі факультеті, Өнер факультеті жұмыс істейді.

Ош мемлекеттік университімен бірнеше келісімдерге келдік. Біз — академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша сенімді серіктеспіз. Біздің ШҚУ студенттері мен оқытушылары Қырғызстанның танымал университеттерінде біліктіліктерін арттырып, іс-тәжірибеден өте алады. Сонымен қатар, біз екі мемлекеттің де дамуына ықпал ететін бірлескен ғылыми жобалар әзірлейміз.

Сондай-ақ, И.Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетімен меморандумға қол қойылды. Маңызды құжат Ұлттық және халықаралық рейтингтерде өзара қолдауды, студенттер мен оқытушыларды алмасуды, сондай-ақ белсенді ғылыми-зерттеу қызметтерін дамытады деп көзделуде.

Мемлекеттік жоғары оқу орын Бішкек қаласында орналасқан. Фрунзенс көп салалы техникалық институты болып 1954 жылдың 1 қыркүйегінде құрылған. Бүгінде ҚМТУ білім беру жүйесіне инновациялық технологияларды және жаңа білім беру бағдарламаларын енгізген. Университетте жоғары және арнайы орта білім алғысы келетін 24000 студент, сондай-ақ, 200 лицей оқушысы және 190-нан астам аспирант мен үміткерлер, 1000-нан астам шетелдік студенттер оқиды.

2024 жылы И.Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университеті Қырғыз Республикасындағы техникалық білім мен ғылымның дамуына қосқан зор үлесі үшін “Даңқ” орденімен марапатталған.

Университет құрамында: Инженерлік-экономикалық факультет, Технологиялық факультет, Көлік және машина жасау факультеті, Ақпараттық технологиялар институты, Энергетика факультеті, Геологиялық—барлау факультеті, Қырғыз—Герман техникалық факультеті, Тау-кен металлургия факультеті және Экологиялық-экономикалық факультет жұмыс істейді.

Біздің серіктесіміз QS WORLD UNIVERSITY RANKINGS CENTRAL ASIA- 2025 халықаралық рейтингінде 13 орынға ие».

С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген