29 ноября 2024


«АБАЙ ЖОЛЫ» — АДАМДЫҚТЫҢ АҚ ЖОЛЫ

Amanzholov university-де ШҚУ профессоры, ф.ғ.д Айжан Картаеваның ұйымдастыруымен «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 3 курс студенттерінің қатысуымен «Абай жолы» — адамдықтың ақ жолы» атты әдеби-сазды кеші өтті.

Шығармашылық кешке Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессорлық-оқытушылар құрамы, студенттер қатысты. Шара мақсаты ұлттық мәдени мұраны сақтау әрі жастар арасында танымалдығын ұлғайту. Абай Құнанбаев қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, мұндай шаралар студенттерге ақынның әдебиетті дамытуға қосқан үлесі жайлы тың ақпарат береді. Білім алушыларға жақсы мінез-құлық пен рухани кемелдікті насихаттайды. Төл мәдениеттеріне деген ықыласты оятады.

Әдеби кеш барысында студенттер қазақтың ұлы ақынының пәлсапалық ойлары мен шығармашылық әлеміне терең бойлады. Кеш бойы Абай Құнанбаевтың өлеңдерінен сыр төгіліп, жастардың бойына адамдықтың дәні егілді. Шараға қатысушылары мәнерлеп оқу, көрініс, ән арқылы Абай шығармаларының шеберлігін, түбі жоқ даналығының қазіргі заманда да өзекті екендіктерін жеткізді.

Әдеби-сазды кеште ақын өмірінің әр кезеңінен қойылған көріністер көрермендердің ерекше назарына ілікті. «Абайдың балалық шағы», «Абай – Тоғжан», «Абай – Құнанбай», «Абай – Әйгерім», «Татьяна» көріністері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Студенттердің жоғары дайындығы нәтижесінде Абайдың тұлға ретінде қалыптасу кезеңі, оның рухани кемелденуі және қазақ мәдениетінің дамуына деген өлшеусіз еңбегі көрсетілді. Қазақтың талғаммен тігілген ұлттық киімдері арқылы сахыналанған көріністер Абайдың өмір жолымен жақын танысып, әділдік үшін күресіп, халыққа жақын болуға тырысқанын жеткізді.