27 ноября 2024


ШҚУ-ДА «БІРІНШІ КУРС ТАЛАНТТАРЫ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Amanzholov University — де көптен күткен оқиғалардың бірі- «Бірінші курс таланттары 2024» байқауы өтті. Бұл жарқын іс-шара әртүрлі жоғары мектептердің және Жоғары колледждің студенттерін жинап, олардың таланттары мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Бұл мереке жастардың шығармашылығы мен бәсекелестік рухын біріктіріп, жаңа қырларын ашты.

Байқаудың шымылдығын IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің студенттері ашты. Олар көрермендерді ерекше заманауи биімен таң қалдырып, патриоттық рухты көтеретін қойылым ұсынды. Сондай-ақ, «Қара пима» спектаклінен алынған үзінді көрермендерді ойландырып, әрбір әрекеттің өз салдары болатынын жеткізді.

Жоғары мекетеп студенттерімен иық тіресе өнер көрсеткен Жоғары колледж студенттері де барынша дайындықпен келіп өз өнерлерін паш етті. Көңілді тапқыр студенттер өздері құрастырған әзілдерін жоғары деңгейде ұсынды. Әсерлі би қойылым қойған студенттер Ергалиев Акбар және Серікқызы Инабат көрермендердің жүрегін елжіретті.

— Дайындыққа көп күш жұмсадық,  біз  керемет нәтиже көрсеттік деп ойлаймын. Би қойылымымыз біздің  күткенімнен де асып түсті. Әлі ерекше әсердемін,- деп бөлісті Жоғары колледжнің белсендісі Булаткан Аяулым.

– Сахнада өнер көрсеткенде ерекше мақтаныш сезімін бастан өткердім. Оқу орным  осы мүмкіндікті сыйлағаны үшін алғысымды білдіремін, – дейді Жоғары колледж студенті Қунапиянова Жаннұр.

Педагогика жоғары мектебінің студенттері көрермендерді әуезді вокалдық өнерімен, «Тәуелсіздік тарихы» атты патриоттық көрінісімен және бағдарламаның ерекше бөлігіне айналған «Құдаша» музыкалық спектаклімен тәнті етті. Сонымен қатар, олардың кәсіби бағдар бейнеролигі көрермендердің жүрегіне жол тауып, ерекше ықыласқа ие болды.

 

Кешті гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің белсенділері түйіндеді. Олар өздерінің қойылымдарын бір оқиға желісімен өрбітті. Ерекше шығармашылық көзқарас пен терең мазмұн көрермендерді таң қалдырды. Сонымен қатар, студенттер қонақтарды Финляндияның патриоттық нөмірімен және халық билерімен қуантты. Осылайша көрермендерді Солтүстік мәдениетіне енді.