6 декабря 2024


ШҚУ-ДА «ЗАҢНЫҢ ҮСТЕМДІГІ – ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ КЕПІЛІ» АТТЫ ҚАЛАЛЫҚ ФОРУМ ӨТТІ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті құқықтану кафедрасының ұйымдастыруымен «Заңның үстемдігі – Әділетті Қазақстанның кепілі» атты қалалық форум өтті. Шараға университет студенттері белсенді қатысып, құқықтық білімдерін нығайтып тест сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған баяндамаларын оқыды.


— Форум студент жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетін қалыптастыруды, құқықтық сауаттылықты арттыруды көздейді. Форум өте тартысты өтті. Құқықтану кафедрасының студенттері бүгінгі шараның викторина форматында өтуін қалады. Қатысушылар өз білімдерін көрсетіп, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын қалыптастырды, — деді Құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлмира Байркенова.


Форум аясында 1-курс студенттеріне құқықтану саласы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбында викторина ұйымдастырылды. Сайыс екі кезеңнен тұрды. Біріншісі «Конституциялық құқық ұғымдары мен терминдері» тақырыбындағы іріктеу кезеңі. Бұл кезеңнен сүрінбей өткен 15 қатысушы екінші кезеңге жолдама алды. Екінші кезең бес бөлімді қамтыды.
3-курс білім алушылары арасында шешендік сайыс өтті. Байқау барысында қатысушылар көпшілік алдында өзін-өзі ұстау, сенімді сөйлеу секілді қабілеттерін шыңдады.
Байқаудың қорытындысы бойынша, викториналық сайыстан 1 курс студенті Қасымханова Дария 1-орынды иеленді. Шешендік сайыс бойынша 3 курс студенті Зарьянова Анна жеңімпаз атанды.