10 декабря 2024
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУ: ҚМТУ ДОКТОРАНТЫМЕН СҰХБАТ
Amanzholov University-дің басты міндеттерінің бірі – әлемдегі жетекші университеттермен және ғылыми орталықтармен байланысты нығайту. Осы мақсатта жуырда И. Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетімен (ҚМТУ) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжаттың аясында ұлттық және халықаралық рейтингтерде өзара қолдау көрсету, студенттер мен оқытушылар алмасу, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту көзделген.
Серіктестікті жүзеге асырудың алғашқы қадамы ретінде ҚМТУ докторанты Марс Индигараевтың Amanzholov University-ге келуі болды.
— Өскеменге мен екінші рет келіп тұрмын. Бірінші рет 2012 жылы Жазғы мектепке неміс тілі пәнінің оқытушысы ретінде келген едім. Сол уақытта мен осы университеттің оқытушыларымен танысып, бүгінгі күнге дейін байланысымды үзген емеспін. Қазақстан әрдайым мен үшін жақын ел болып қала береді. Мен елдің түрлі өңірлерінде болдым, олардың әрқайсысы сұлулығымен және халқының қонақжайлығымен таңғалдырады. Шығыс Қазақстанда мені Алтай таулары, өнеркәсіптің дамуы және мәдени әртүрлілік ерекше әсерге бөледі. Сонымен қатар, мұнда «Торпедо» атты жақсы хоккей командасы бар екенін білемін.
Сол кезден бастап Марс Индигараевтың ШҚУ туралы жағымды әсерлері ғана қалды.
— Бұл – Шығыс Қазақстан облысындағы ең ірі университет және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Мұнда Қырғызстанда бірге жұмыс істеген білікті мамандарды қайта кездестірдім. Университет кітапханасынан докторлық диссертацияма қажетті бірегей материалдарды таптым. Ал жатақхана өзінің тазалығымен және жайлылығымен ерекше таңғалдырды.
Марс Индигараев репатрианттарды зерттеуге маманданған. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстандағы қоныс аударған немістер. Оның мақсаты-салыстырмалы талдау жүргізу және қоныс аударудың адамдардың өздеріне және жалпы аймаққа қалай әсер еткенін түсіну.
Докторанттың айтуынша, оның жұмысындағы басты қиындықтар – уақыт тапшылығы және зерттеу үшін қажетті материалдарды іздеу. Дегенмен, ол куәгерлердің естеліктері, фотосуреттер мен тарихи құжаттарды ең құнды ақпарат көздері деп санайды.
— Менің зерттеуім тарихи, мәдени, экономикалық және мәдениетаралық байланыстарды дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Бұл бағытта Қазақстан, Қырғызстан және Германияның күш біріктіруі жемісті нәтижелерге әкеледі деп сенемін. Сонымен қатар, жинақтаған материалдарым басқа ғалымдар үшін де пайдалы болады деп ойлаймын, — деп қорытындылады университет қонағы.