18 декабря 2024
50 СТУДЕНТ БҰҰ-НЫҢ ТҰТҚЫНДАРҒА АДАМГЕРШІЛІКПЕН ҚАРАУДЫ НАСИХАТТАЙТЫН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕРТИФИКАТЫН АЛДЫ
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Құқықтану» білім беру бағдарламасы студенттерінің жаңа легі Біріккен Ұлттар Ұйымының тұтқындарға қатысты ең төменгі стандартты ережелеріне (Нельсон Мандела ережелері) арналған онлайн курсты сәтті аяқтады. Бұл курс БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы тарапынан әзірленіп, қатысушыларға тұтқындарды әлемдік деңгейде басқаруды реттейтін қағидаттар мен стандарттар туралы терең білім берді.
Оқыту «Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару құқығы» оқу пәнін оқыту шеңберінде жүргізілді. Курстың дәріскері, заң ғылымдарының докторы Қуат Рахимбердин болашақ заңгерлер үшін Нельсон Мандела ережелерін түсіну мен қолданудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ережелер адам құқықтарын сақтауға, зорлық-зомбылықтың алдын алуға және сотталғандарға лайықты жасауды қамтамасыз ету мақсатында түрмелерді басқарудың жалпыға бірдей мойындалған стандарттары.
Курс барысында студенттер сотталғандармен ізгі қарым-қатынас жасауды көздейтін ең төменгі стандарттарды, сотталғандардың оңалуына және қоғамға қайта қосылуына ықпал ететін қағидаттарды, сондай-ақ қылмыстық әділет саласындағы халықаралық нормалардың сақталуының маңыздылығын зерттеді.
Курс интерактивті оқу материалдарын, практикалық жағдайларды және сценарийлерді қамтыды. Бұл студенттердің аналитикалық қабілеттерін дамытып, сотталғандарды басқару және олардың құқықтарын қорғауға байланысты мәселелерді шешу дағдыларын жетілдіруге ықпал етті. Студенттер онлайн курсты қазақ және орыс тілдерінде оқу мүмкіндігіне ие болды.
Курсты аяқтаған 50 студенттің барлығы БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы тарапынан берілген халықаралық сертификаттарға ие болды. Бұл олардың жоғары деңгейдегі дайындықтарын және қылмыстық әділет саласына заманауи әлемдік тәжірибені енгізуге дайын екендіктерін дәлелдейді.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Қазақстан Республикасының қылмыстық және қылмыстық-атқару саясаты мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер орталығына айналды. Естеріңізге сала кетейік, биыл заң ғылымдарының докторы Қуат Хажымұханұлының «Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасындағы олқылықтар мен қайшылықтарды еңсеру тетігінде Нельсон Мандела ережелерін іске асырудың рөлі» атты монографиясы жарық көрді.