13 марта 2025


ШҚО МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІМЕН БІРЛЕСКЕН ЖОБАНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ЖАРИЯЛАНДЫ

Amanzholov University ректоры Мұхтар Төлеген ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры, университетіміздің үздік түлектерінің бірі Буканова Жанар Қалиқанқызымен кездесті. Өзара ынтымақтастық пен серіктестікті дамыту бағыты талқыланды.

Айта кету керек, 2022 жылдың қазан айында Сарсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, ШҚО Мемлекеттік қызмет істері Департаментімен бірлескен жоба — Мемлекеттік қызмет мектебін іске қосқан. «Жаңа Қазақстанға жаңа мемлекеттік басқарушылар қажет» деп халыққа Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше атап өткен еді. Кадр резервін күшейту — уақыт талабы.

-Қазіргі таңда Мемлекеттік қызмет мектебінде Amanzholov University 30 түлегі оқуды сәтті аяқтағаны туралы сертификат алғанын мақтанышпен айтамыз. Мектептің барлық түлектері мемлекеттік қызметке байқаусыз орналасты. Айта кетерлігі, бұл түлектердің үлгерімі жақсы. Тиісті заңға енгізілген өзгерістердің арқасында, яғни, GPA 3,33 және одан жоғары болса, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында оқыған университет түлектеріне қосымша рәсімдерсіз мемлекеттік қызметке кіру мүмкіндігі берілді,- деді Мұхтар Төлеген.

2024-2025 оқу жылында жоба аясында біздің университеттің 11 студенті мемлекеттік қызметші мектебінде оқиды, қазіргі уақытта олар теориялық бөлімді аяқтап, ШҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментінде тәжірибеден өтуде.