10 сәуір 2025


ШҚУ ПРОФЕССОРЫ «ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденін алды.

«Ғылым саласындағы зор жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің РМК “Ұлттық ядролық орталығының” бас ғылыми қызметкері Скаков Мажын Қанапияұлын “Құрмет” орденімен марапаттауды ұсынамын», – деп жазылған ресми хатта.

Айта кетейік, Мажын Қанапияұлы физика-математика ғылымдарының докторы. Ол бірнеше жыл бойы ШҚУ-дың физика және технологиялар кафедрасында қызмет атқарып, жас буынды білікті маман етіп тәрбиелеуде.

Профессордың ғылыми қызығушылықтары – конденсацияланған күйдің іргелі мәселелерімен тығыз байланысты. Ол Қазақстан Республикасы үшін басым бағыттардағы бірқатар бағдарламалар мен гранттардың, жобалардың ғылыми жетекшісі.

Мажын Скаков ғылыми жетістіктерінің қатарында 7 монография, Web of Science және Scopus базаларында жарияланған 93 мақала, ҚР БҒМ БҒСБК тізіміндегі басылымдарда жарияланған 184 мақала, 56 авторлық куәлік және басқа да маңызды ғылыми еңбектері бар.