12 апреля 2025


ШЫҒЫС ТАЛАНТТАРЫ-2025: БАСТЫ СЫЙЛЫҚ – БІЛІМ ГРАНТЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Жеңістің 80 жылдығына арналған вокалдық және аспаптық орындаушылық шеберлігі сынға түсетін облыстық «Шығыс таланттары» байқау-фестивалі өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – өңірдің талантты жастарды анықтау, өскелең ұрпақты патриоттық, рухани-адамгершілік және эстетикалық тұрғыда тәрбиелеу, Отанға, мәдениетке деген құрметті қалыптастыру.

— «Шығыс таланттары» фестивалі – бұл тек өнер көрсету ғана емес, тәжірибе алмасып, жаңа достар тауып, шабыттанатын мекен. Бұл байқау арқылы қатысушылар кәсіби өсу жолына бір қадам жақындайтыны сөзсіз, — деді Мәдениет, спорт және алғашқы әскери дайындық кафедрасының сениор-лекторы Татьяна Шаймарданова.

Байқау қорытындысы бойынша екі номинация бойынша жеңімпаздар анықталды.

«Вокалдық орындаушылық» номинациясында гран-при және Amanzholov University-де төрт жылдық білім грантын №42 орта мектептің оқушысы Малика Қадырова жеңіп алды. Бірінші орынды «Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің» 2-курс студенті Жұпар Әшимова иеленді. Екінші орын Ерқұлан Бекболат пен Мария Карповаға бұйырды. Үшінші орын Кәусар Арманға берілді.

— Осы байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Енді менің Шығыс Қазақстанның ең беделді университеттерінің бірінде білім алу мүмкіндігім бар. Ұйымдастырушылар мен университет басшылығына жылы қарсы алғаны үшін үлкен алғысымды білдіремін, — деді жеңімпаз Малика Қадырова.

«Аспаптық орындаушылық» номинациясында гран-при Тілекжан Ражанұлына табысталды. Бірінші орынды «Шығыстың қызғалдақтары» ұжымы жеңіп алды. Екінші орынды Қалибек Ерік пен Рахат Самира дуэті және «Nomad» ансамблі өзара бөлісті. Үшінші орын Кәусар Арманға, «Аманат» дуэтіне және Темірлан Ерланұлына бұйырды.

Қатысушылар мен олардың жетекшілеріне сертификаттар, ал жеңімпаздарға дипломдар мен 15 000-нан 30 000 теңгеге дейінгі ақшалай сыйлық табысталды.

Фестиваль Шығыс Қазақстан жастарының шығармашылық әлеуетін көрсету алаңына айналып, мәдени бастамалардың болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.