23 июля 2025


ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ МЕН ТАРИХИ САНАНЫҢ ЖАНАШЫРЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұжымы профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровты Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну бастамасын толық қолдайды. Ғалымның көпжылдық ғылыми, білім беру және қоғамдық қызметі бұл жоғары марапатқа әбден лайық деп есептейміз.

Профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров – қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласында өзіндік ғылыми мектебі бар, отандық тарих ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті ғалым. Оның тарихи зерттеулері мен саяси сараптамалары ұлттық сананы жаңғыртуға, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге және заманауи ғылыми көзқарасты қалыптастыруға бағытталған.

Ғалымның жетекшілігімен жарық көрген «Қазақстанның үздіксіз мемлекеттілігі: тарих толқынында» атты іргелі еңбекте XVI–XIX ғасырлардағы Еуропа мен АҚШ карталарында бейнеленген Қазақ мемлекеттілігінің тарихи көріністері ғылыми тұрғыда жан-жақты сараланған. Бұл зерттеу Қазақстанның мемлекеттілік тарихын халықаралық деңгейде танытуға зор үлес қосқан бірегей еңбек болып саналады.

Профессор Сыдықназаровтың ғылыми мұрасы – тарихи жадымызды жаңғыртуға, ұлттық бірегейлікті бекемдеуге және еліміздің әлемдік геосаяси кеңістіктегі орнын дәлелді түрде көрсетуге бағытталған терең мазмұнды еңбектер жиынтығы. Оның ғылыми әрі қоғамдық қызметі жас ұрпаққа үлгі болып, гуманитарлық ғылымның жаңа буынына жол сілтейді.

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ұжымы бұл бастаманы бірауыздан қолдай отырып, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың еңбегі Мемлекеттік сыйлықпен лайықты түрде бағаланады деген сенім білдіреді.