29 июля 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ ӨНДІРІСТІК ҚАЛДЫҚТАРДАН БОЛАШАҚТЫҢ ҚОРҒАНЫШ МАТЕРИАЛДАРЫН ЖАСАУДА

Жақын арада Қазақстанда өндірістік қалдықтарды пайдалану арқылы инновациялық қорғаныш жабындарын жасау қолға алынады. Бұл озық технологиямен Аманжолов университетінің физика және технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлсім Бектасова және оның ғылыми тобы айналысып жатыр.

Жоба гранттық қаржыландыруға ие болды. Негізгі мақсаты – өндірістік қалдықтарды берік әрі төзімді жабындар жасау үшін құнды ресурс ретінде пайдалану. Бұл үшін газотермиялық бүрку әдісі қолданылады.

– Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтуіміз қажет, сондай-ақ экологиялық зерттеулерді белсенді дамыту маңызды. Бұл жоба бірден екі мәселені шешеді: экологиялық және экономикалық. Біз қалдықтарды пайдалы әрі қолжетімді қорғаныш материалына айналдырамыз, – деді Гүлсім Бектасова.

Оның айтуынша, жоба үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, күріш қауызынан алынған кремний диоксиді (SiO₂) негізінде биокомпозитті жабын әзірлеу. Сондай-ақ, шыны өнеркәсібінің қалдықтарынан жасалатын шыны-керамикалық жабындар, күріш қауызынан алынған кремний карбиді (SiC) пен күнбағыс қауызынан алынатын калий оксиді (K₂O) негізінде материалдар жасау көзделген. Бұдан бөлек, жылу электр станцияларында көмір жағу нәтижесінде пайда болатын ұшпа күлден ерекше жабындар жасалады. Мұндай материалдар беріктігі мен коррозияға төзімділігін арттыру үшін легирлеуден өтеді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда бұл бағытта жүргізіліп жатқан ұқсас зерттеулер жоқтың қасы. Сондықтан бұл жоба – жай ғана ғылыми қызығушылық емес, қазіргі өзекті экологиялық мәселеге жауап.

Жақын болашақта Аманжолов университетінің ғалымдары Universiti Sains Malaysia және Sultan Idris Education University жас зерттеушілерімен халықаралық ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр. Мұндай серіктестік жобаны барынша тиімді іске асыру үшін тәжірибе, ресурс пен білім алмасуға мүмкіндік береді.