12 августа 2025


ШҚУ – ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА БІЛІМ БЕРЕТІН ХАБ

2023 жылдан бастап Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Орталық Азия студенттері үшін академиялық ұтқырлықтың негізгі алаңдарының біріне айналды. Университет үшінші жыл қатарынан Тәжікстаннан келген студенттер тобын қабылдап отыр. Олар академиялық алмасу бағдарламасы аясында әр семестрде білім алады. Бұл дәстүр екі ел арасындағы достық пен бірлескен білім беру жобаларының берік негізіне айналды.

2025–2026 оқу жылында ШҚУ Тәжікстаннан келген 40 студентті қарсы алмақ. Бұл — ректордтық көрсеткіш. Олар университеттің академиялық және мәдени байланыстарының нығаюына үлес қосады. Бұл – оқу орнының ерекшелігін көрсететін маңызды бағыттардың бірі.

Сонымен қатар, университет жыл сайын Оңтүстік Корея мен Венгриядан келген студенттерді қабылдайды, ал Foundation бағдарламасы Қытай мен Моңғолиядан келген талапкерлерге жоғары білімге жол ашады.

Университеттегі шетелдік студенттердің географиясы жыл санап кеңейіп келеді. Соңғы жылдары ШҚУ-ға Пәкістан, Бангладеш және Ауғанстаннан келген талапкерлер де белсенді түрде түсіп жатыр. Алдағы оқу жылында олардың саны арта түспек. Бұл – ШҚУ-дың халықаралық білім беру, мәдени алмасу және академиялық ынтымақтастық орталығы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдейді.