12 августа 2025


ШҚО ӘКІМІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСТАР КҮНІМЕН ШҚУ СТУДЕНТТЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Өскемен қаласында Халықаралық жастар күні кең көлемде аталып өтілді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов облыс орталығы мен өңірдің әлеуметтік және мәдени дамуына елеулі үлес қосып жүрген жастарды арнайы құттықтады. Солардың қатарында Amanzholov University студенттері — Мария Колчина, Ару Касайынова және Данил Гончар болды. Салтанатты шара барысында университет белсенділеріне алғыс хаттар табысталды.

— Біз Қоғамдық кеңестің өкілдері ретінде қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысамыз. Басты мақсатымыз — азаматтар мен жастардың пікірін ашық тыңдау, тиімді шешімдер тауып, билік пен қоғам арасындағы диалогты дамыту. Жастар бастамаларына қолдау көрсеткені үшін облыс әкімі Нұрымбет Аманұлына алғысымды білдіремін, — деді студент Мария Колчина.

Шара барысында аймақ басшысы университет басшылығының еңбегін де ерекше атап өтті. Жастар саясатын белсенді жүзеге асырғаны үшін университеттің стратегиялық даму және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Ирина Ровняковаға облыс әкімінің алғыс хаты табыс етілді.

Айта кетейік, 2024 жылдың басындағы мәлімет бойынша еліміздегі жастар саны 5 759 781 адамды құрайды. Бұл — 14 пен 35 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары.