14 августа 2025


АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫНАН ШЫҚҚАН ТАЛАПКЕРГЕ ГРАНТ ТАБЫСТАЛДЫ

Алтай қаласындағы аз қамтылған отбасынан шыққан №11 орта мектептің түлегі Екатерина Малиновскаяға өңірдің ең ірі әрі беделді жоғары оқу орны – Amanzholov University-де оқуға білім беру гранты табысталды.

Іс-шараға ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген, ШҚО прокуроры Алмат Байшолақов және Екатерина Малиновскаяның жақындары қатысты.

Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы өкілдерінің ұйымдастыруымен «Мен және Заң» байқауы өткен болатын. Оның қорытындысы бойынша түлектің кандидатурасы университеттің Ғылыми кеңесінде қаралып, Бизнес және құқық жоғары мектебіне қабылданды. Кеңес мүшелерінің ортақ шешімімен Екатерина 4 жылдық грант иегері атанды. Енді ол Amanzholov University-де «Сот және прокурорлық қызмет» мамандығы бойынша тегін білім алады. Сонымен қатар, студент қыздың жан-жақты дамуы үшін біз оны университеттің жайлы жатақханасымен қамтамасыз етіледі.

— Біздің университет әрдайым талантты, болашағы зор және белсенді жастарды қолдайды. Өйткені жас ұрпақ – мемлекеттің болашағы. Бүгінде дәл солар Қазақстанның ертеңін айқындайды: бәсекеге қабілетті, инновациялық, уақыт сынына төтеп бере алатын ел етіп қалыптастырады. Мен жастарды қолдау – жай ғана әлеуметтік міндет емес, ұлттық саясаттың маңызды бөлігі деп сенемін, — деді Мұхтар Төлеген.

Грант иегерінің анасының сөзінше бұл тек үлкен көмек қана емес, өмірдегі жаңа көкжиектерге жетелейтін маңызды кезең екенін атап өтті.