21 августа 2025


ШҚУ ОҚЫТУШЫСЫ АВТОРЛЫҚ КУРСЫН COURSERA ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПЛАТФОРМАСЫНА ҰСЫНДЫ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры Бақытжан Келгембаева Coursera білім беру платформасына авторлық курсын ұсынды. Жаңа онлайн курс — әлемдік аудиторияны қазақ эпосының терең мазмұнымен таныстыруға бағытталған.

Цифрлық білім беру саласында Coursera платформасы өз талаптарына сай келетін сапалы контентті мұқият іріктейді. Курстар бірнеше маңызды критерий бойынша бағаланады: бірегейлік, құрылым, визуалды материалдардың болуы, практикалық мазмұн және тыңдаушының қызығушылығын ояту әлеуеті.

ШҚУ оқытушысының курсы осы талаптардың барлығына сай әзірленген. Онлайн курстың әрбір модулі қысқа бейнедәрістер, практикалық тапсырмалар мен визуалды материалдар арқылы құрылымдалған. 

Автор дайындап жатқан болашақ курс «Қазақ эпосы» деп аталады. Эпос – тек қазақ халқының ғана емес, күллі адамзат мәдениетінің маңызды бөлігі. Онлайн курс филология, түркітану, журналистика, қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтарының студенттеріне, сондай-ақ басқа ұлт мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті бағытында оқып жатқан болашақ мамандарға арналған.

Бақытжан Бекенқызы курс Coursera платформасына толық енгізілгеннен кейін оған әлемнің кез келген елінен студенттер тіркеле алуы үшін сабақтарға басқа тілдердегі субтитрлер қосу жоспарланып отыр деп атап өтті. Бұл — қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде дәріптеудің маңызды қадамы болмақ.

— Курс төрт модульден тұрады. Онда эпостың тарихи, мәдени және әдеби ескерткіш ретіндегі ерекшеліктері қарастырылып, болашақ филологтарға көркем мәтінмен жұмыс істеу, эпостың мәтінін талдау дағдыларын дамыту көзделеді. Тағы бір ерекшелік — қазақ әдебиетінде кездесетін төрт жүзден астам эпостық жырдың ішінен ең танымал нұсқаларды салыстыра отырып зерттеу, — деді автор.

Оқытушының айтуынша, курс тек академиялық материалдармен шектелмейді. Визуалды оқыту элементтері, нақты эпостардан алынған бейнеүзінділер, тарихи контекстіні түсіндіретін материалдар кеңінен қолданылады.

Бұл бастама — ШҚУ-дың цифрлық білім беру кеңістігіндегі белсенділігін, отандық ғылыми контенттің жаһандық деңгейге шығуға ұмтылысын айқын көрсетеді.