26 августа 2025


УНИВЕРСИТЕТ БАСЫШЫЛЫҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ ҚҰРМЕТПЕН ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҒАРЫП САЛДЫ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде көп жыл табанды еңбек етіп, зейнет жасына жеткен ұжым мүшелеріне құрмет көрсетілді. 

Жиында шаруашылық департаменті директорының орынбасары Ермек Балапанов пен №1 және №3 оқу ғимараттарының коменданты Пелагея Алексееваға Алғыс хаттар табысталып, арнайы төс белгілермен марапатталды.

Сондай-ақ, жиында жақында 60 жас мерейтойын атап өткен № 5 және 9 оқу корпустарының коменданты Венера Нурпеисоваға төс белгі тағылды. 

– Бүгін мені 60 жас мерейтойыммен университет басшылығы арнайы құттықтады. Осы оқу орнында 25 жылдан астам уақыт қызмет етіп келемін. Көп жылғы еңбегімді бағалап, құрмет көрсетіп жатқан университет ұжымына алғысым шексіз. Ұжымымыз өте ұйымшыл, барлық жұмысты ауызбіршілікпен атқарып келеміз, – деді Венера Әбілгазинова.

Университеттің бірінші жетекшісі өз сөзінде ұжымдағы әрбір қызметкердің еңбегі ерекше екенін атап өтіп, адал қызмет етіп келе жатқан мамандарға алғысын білдірді. Олардың әрқайсысына гүл шоқтары табысталып, жылы лебіздер айтылды.

Бұл шара – университет ұжымының бірлігін, өзара сыйластығын және әр қызметкердің еңбегіне деген зор құрметін айқындай түсті.