2 сентября 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY ЖАНЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖ ТҮЛЕГІ «MISS OSKEMEN 2025» БАЙҚАУЫНДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Өскеменде өткен дәстүрлі «Miss Oskemen 2025» сұлулық байқауында Amanzholov University жанындағы Жоғары колледждің 2025 жылғы түлегі Іңкәр Бауыржанқызы сұлулығымен қатар ақыл-парасатын паш етіп, бас жүлдені иеленді. Енді ол «Мисс Қазақстан» байқауында өңір намысын қорғайды.

-⁠Байқауда жеңіске жету үшін ең алдымен білім мен өзіңе деген сенім қажет. Өзім білім алған С.Аманжолов атындағы Жоғары колледждің ұстаздарына ерекше алғысымды білдіремін. Бізді әрқашан қолдап жүрген университет ректоры Мұхтар Төлегенге алғысым шексіз. Бірінші жетекшінің қолдауының арқасында біз студент ретінде әрдайым ерекше қамқорлықты сезініп келеміз, — деді Іңкәр Бауыржанқызы.

Сонымен қатар, университетіміздің физика-математика білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Зилола Ниязова көрермендер көзайымына айналып, «Miss People’s Choice – 2025» номинациясын жеңіп алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мисс Өскемен» байқауының басты мақсаты – жастардың бойындағы сұлулық пен нәзіктікті ғана емес, сонымен қатар білімділік, парасаттылық пен көшбасшылық қасиеттерді дәріптеу. Биылғы байқауда қатысушылар сән көрсетілімінен бөлек, заманауи және ұлттық билерді орындап, әуезді ән арқылы өнерлерін паш етті. Әсіресе, Amanzholov University студенттерінің таныстырылымы өзгеше сипатымен ерекшеленді. Жанды музыка, ұлттық рух және көрермендердің ыстық қолдауы шараға ерекше атмосфера сыйлады.

Бұл жеңіс – университет тарихындағы айтулы сәттердің жалғасы. 2024 жылы Amanzholov University студенті Бағым Балтабаева «Miss Oskemen 2024» байқауында топ жарып, кейін республикалық деңгейде «Мисс Қазақстан» атағына ие болған еді.