2 сентября 2025
AMANZHOLOV UNIVERSITY БІЛІМ КҮНІН АТАП ӨТТІ
Бүгін С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Шара қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» әнімен басталды. Университеттің шығармашылық ұжымы – “Шабыт» студенттік театры ақынның қара сөздерінен үзінділер оқып көпшілікті тәнті етті.
Жиынға ардагер-профессорлар, 1 курс студенттері мен профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты. Өз сөзінде университет ректоры жаңа оқу жылының басталуымен барша білім алушыларды құттықтап, бірқатар маңызды жайттарға тоқталды.
– Биыл біздің университетке 3000-ға жуық талапкер қабылданды. Педагогтердің білімін бағалау тестілеуінде университет жоғары нәтиже көрсетті. Бұл білім беру сапасын тағы бір мәрте айқындап берді. Бізде озық білім беру бағдарламалары, шетелдік университеттермен тығыз байланыс орнатылған. Сондай-ақ биыл 200-ге жуық студент «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға қабылданды. Жастарға тәуекелшіл болуды, білім мен ғылымға батыл қадам жасауды тілеймін. Бізді таңдағандарға үлкен алғыс, – деді басқарма-төрағасы ректор Мұхтар Төлеген.
Жиын соңында «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 1 курс студенті Айза Таукеноваға «Сәрсен Аманжолов» атындағы, «Психология» білім беру бағдарламасының 1 курс студенті Зейнеп Миятбекке «Абай» атындағы атаулы шәкіртақы тағайындалды.
— Білім алушыларды қолдап, сенім артқан университет ректорына алғысымды білдіремін. Осы жоғары оқу орынының қабырғасында мықты маман болып шыңдалып, сенімді ақтаймын деп ойлаймын, — деді Зейнеп Миятбек.
Салтанатты жиында ғылымды дамытуға қосқан үлестері үшін университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы төсбелгілермен марапатталды.









