10 сентября 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY ҒАЛЫМДАРЫ ВЕНГРИЯДА ӨТКЕН АЛТАЙ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ XIII СИМПОЗИУМІНЕ ҚАТЫСТЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары Венгрияда өткен Алтай қауымдастығының XIII симпозиуміне қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

 

Бұл басқосуда Солтүстік Македония, Жапония, Әзербайжан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және басқа да елдерден келген 160-тан астам алтаист заманауи түркі әлемінің бағыттары, тіл мен мәдениет сабақтастығы, ғылымдағы интеграциялық үдерістер, бірыңғай ғылыми кеңістікті қалыптастыру мәселелерін талқылады.

 

Университеттің қазақ және орыс филологиясы мен журналистика кафедрасының меңгерушісі Қ. Барбосынова және филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы Р. Мукушева баяндама жасап, ШҚУ-да жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнінде таныстырды.

 

Көп жылдан бері Сегед университетінің алтаистика кафедрасымен ғылыми байланыста келе жатқан ШҚУ профессор-оқытушылар құрамының зерттеулері халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып, жаңа ынтымақтастыққа жол ашты.