16 сентября 2025


«ХИМИЯ-БИОЛОГИЯ» БББ СТУДЕНТТЕРІНЕ АРНАЛҒАН ЭКСКУРСИЯ

Биология ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлназ Садықанова және сениор-лектор Сән Оразова «Химия-биология» білім беру бағдарламасы студенттерімен бірге «Ақбауыр» археологиялық кешеніне экскурсия ұйымдастырды. Сапар барысында студенттер тарихи-мәдени ескерткіштің бірегей ерекшеліктерімен танысты.

 

— Танымдық экскурсия өте қызықты әрі мазмұнды өтті. Шығыс Қазақстан өнер музейінің экскурсоводы Асылбек Сұлтановқа алғыс білдіреміз, — деп өз әсерімен университет студенттерінің бірі бөлісті.

 

Кешен аумағында қатысушылар ескерткіш тарихымен танысып, әр дәуірдің петроглифтерін, қола дәуірінің жерлеу нысандарын және ерте темір дәуірінің қорғандарын көрді.

 

— Үңгір қабырғасына қызыл охрамен салынған суреттер б.з.д. ІІІ — І мыңжылдықтың басына жатады. Мұнда маусымдық-күнтізбелік циклға байланысты күрделі ғұрыптар мен жерлеу рәсімдері өткізілген, сондай-ақ Күн, Ай және жұлдыздарға қатысты астрономиялық бақылаулар жүргізілген, — деп атап өтті профессор Гүлназ Садықанова.

 

«Ақбауыр» археологиялық кешені энергетикалық және ақпараттық орталық ретінде әділ бағаланады. Әлемде үңгір қабырғасында суреттер мен жазулар сақталған мұндай кешендер санаулы ғана. Сонымен қатар «Ақбауырдың» діни мәні де болған: мұнда таулар мен ата-бабаларды қастерлеуге байланысты ғұрыптар өткізілген.