23 сентября 2025


ЖАҢА БУЫН КАДРЛАРЫ: МЕМЛЕКЕТТІҢ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ AMANZHOLOV UNIVERSITY ҮЛЕСІ

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы ретінде атом электр станциясын салудың қажеттігін атап өтті.

Amanzholov University бұл бағыттағы кадрларды даярлауды 10 жылдан астам уақыт жүргізіп келеді. 2025 жылы МАГАТЭ, STAR-NET және Ұлттық ядролық орталықпен бірлесіп, елімізде тұңғыш рет «Ядролық физика және радиациялық материалтану» атты магистрлік бағдарлама ашылды. Бүгінде университет студенттері Литва, Жапония, Ресей, Малайзия елдерінде білім алып, Дубнадағы Ядролық зерттеулердің біріккен институтында тағылымдамадан өтуде.

Жақында Amanzholov University мен Малайзия Ядролық агенттігінің ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді. Куала-Лумпур қаласында тараптар мамандарды халықаралық стандарттарға сәйкес даярлау мәселелерін талқылап, TRIGA PUSPATI зерттеу реакторымен танысты. 2026 жылы университетте «Ядролық физика және атом энергетикасы» ғылыми-зерттеу зертханасын ашу жоспарлануда. Зертхана заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, студенттердің тәжірибелік білімін тереңдетуге мүмкіндік береді.

Бұл ынтымақтастық жоғары білікті мамандар даярлау мен бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Amanzholov University Қазақстандағы атом энергетикасының дамуына өз үлесін қоса отырып, елдің стратегиялық міндеттерін шешуге қабілетті ғалымдар мен инженерлер буынын даярлауды жалғастыра бермек.