22 сентября 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY «АСЫЛ МИРАС» АУТИЗМІ БАР БАЛАЛАРДЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫН МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті облыстық «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығымен көп жылдан бері тұрақты ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасып келеді.

Жақында өзінің 9 жылдық мерейтойын атап өткен орталықты университеттің «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының мамандары мен «Дефектология» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері арнайы барып құттықтады. Мерейтой аясында балаларға арнап «Бауырсақ» және «Шалқан» ертегілерінің сахналық қойылымы ұсынылды.

«Ашық есік күні» форматында өткен бұл іс-шарада орталықтың қызметі, жеткен жетістіктері мен қолданылып жатқан әдістемелік тәсілдер жұртшылыққа кеңінен таныстырылды.

– «Асыл Мирас» орталығы ұйымдастырған шараға қолдау білдіріп, белсенді атсалысқан Amanzholov University ұжымына зор алғысымды білдіремін. Біздің балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ерекше қамқорлық танытқан университет өкілдеріне шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да артып, бірлескен жобалар жалғасын табады деп сенеміз, – деді орталық басшысы Динара Дюсембинова.

Іс-шара соңында орталық басшылығы университет әкімшілігіне және студенттерге Алғыс хаттар табыстап, ықыласын білдірді.

Amanzholov University инклюзивті білім беру бағытында әлеуметтік серіктестермен тығыз жұмыс істей отырып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған бастамаларды одан әрі жалғастыруға ниетті.